Қызылорда облысында құрғақшылықтың салдарынан төтенше жағдай режимі енгізілді

13 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданының аумағында төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында малшыларға көмек көрсету шаралары талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, Арал ауданындағы құрғақшылықтың салдарынан 559 бас мал қырылған.

«Мал басын сақтап қалу үшін су шығатын ұңғымаларды қазып, каналдарды тазалап, жайылымдық және шабындық жерлерді суару үшін бөгеттер салу қажет. Аталған жобаларды толықтай іске асыру үшін Сырдария өзенінен келетін Бұрмақұлақ арнасын жауып, Аспай су тартқышын пайдаланып, Ақшатау-Қамбаш көл жүйесіне су тарту керек. Жоғарыда аталған жұмыстарды қаржыландыруда көп мөлшерде ақшаның керектігіне байланысты Үкіметке республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы хат жолданды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Тақырыпқа байланысты оқуАШМ: құрғақшылықтан мал қырылуы тоқтады

Құрғақшылық болып жатқан ауылдық округтер 3 аймаққа бөлінген. Оның ішінде қызыл аймаққа 13 ауылдық округ, сары аймаққа - 6 және жасыл аймаққа - 4 ауылдық округ енгізілді. Ауданда 205 822 мал басы тіркелген, қажетті азық көлемі 184 640 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні ауданға 2190 тонна қосымша азық жеткізілді.

Сонымен қатар, шөп шабу науқанына қатысу үшін ерікті жастардан жиналған 14 жасақ құрылды. Аудан өкілдері көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына барып, шаруашылықтармен кездесіп, қол жетімді бағамен шабындықтарды жинау туралы келісті. Қазіргі уақытта Арал ауданының 5 бригадасы шөп шабуға кірісті.

Комиссия отырысында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов мәлімдегендей, ауданда ауыл тұрғындарының көмегімен суаттар мен көл жағалауларында кезекшілік ұйымдастырылды, жағдай бақылауға алынды. Бұдан басқа, әрбір елді мекенде мал жаю бақыланып, арнайы call-орталық іске қосылды. Қазіргі уақытта мал өлімінің жаңа фактілері тіркелген жоқ.

Облыс әкімі арнайы топ басқармасына шұғыл түрде ауданның елді мекендеріндегі малдарды суару үшін қажетті 3 су ұңғымасын қаза бастауды тапсырды. Осы мәселеге орай «Бұрмақұлақ» су каналын уақытша жауып, Бектау каналын және тағы 7 каналдың арнасын тазартып, биік жерлерде орналасқан елді мекендердегі жайылымдар мен шабындықтарды суару үшін су тарту жұмыстарын ЖСҚ-сы дайындайды. Республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда канал арнасын тазарту және су жинау жұмыстарын жүргізіп, 12 ұңғыманы іске қосуды ұйымдастыру қажет.

Ауыл шаруашылығы басқармасына Арал ауданының әкімдігімен бірлесіп, жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы малдарын басқа өңірлерге тасымалдауға жанар-жағармай материалдарының шығындарын өтеу үшін облыстың төтенше резервтен қаржыландыру тапсырылды. Кәсіпкерлер палатасымен шөп бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады.

Тақырыпқа байланысты оқуТоқаев мал азығын сыртқа шығаруға тыйым салды

Арал ауданы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдайды шешу мақсатында облыстық бюджет резервінен және республикалық бюджеттен 1 млрд 936 млн теңге бөлу жоспарланған.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.