10 мая 2020 Мал шаруашылығы

Қазақстанға Ұлыбританиядан асыл тұқымды балапандар әкелінді

Қазақстанның ірі құс фабрикаларының біріне Ұлыбританиядан асыл тұқымды балапандар  жеткізілді. Бұл туралы ҚР жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті және «Шаңырақ» басқарушы компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Максим Божко мәлімдеді.

М.Божконың айтуынша, шет елден әкелінген балапандар — әлемдік көшбасшы, америкалық Hy Line компаниясының асыл тұқымды аналық мекиен балапандары.

«Бір жыл бұрын біз олармен Қазақстанға ең жақсы асыл тұқымды балапандарды әкелетіндері туралы келіскен едік, бірінші партия 2019 жылы АҚШ-тан келді, ал бұл жолы Тұманды Альбион жерінен жеткізілді», — деп жазды кәсіпкер Facebook парақшасында.

Сондай-ақ «Курочка ряба» («Шаңырақ» ҚК еншілес компаниясының бірі) сауда маркасының екі асыл тұқымды өнімі бар, олар: бройлерлер мен мекиендер. Жалпы компания өндірістің толық циклын жүзеге асырады, яғни алқаптан дүкен сөресіне дейін жеткізумен айналысады.

Бұған дейін сарапшылар ҚР-дағы жұмыртқа саласы қиын жағдайда қалып отырғандығы жайлы хабарлаған еді, себебі субсидия беру алып тасталынған, экспортқа шектеу салынған және ішкі нарық үшін шектеулі баға  белгіленген болатын. Бірақ сәуір айының соңында ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаға субсидия берудің және құс шаруашылығын қолдаудың басқа да шараларын сақтау туралы шешім қабылдады.