Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Еркін Тәтішев: Кәдеге жарату алымының енгізілуі заңсыз
ҚР Экология министрлігінің Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының толық тізбесіне кәдеге жарату алымын енгізу туралы маусым айындағы шешімі Қазақстан агрокәсібі үшін осы жылдың ең жағымсыз жаңалығы болып қала береді. Жақында ғана Үкіметке «алымнан» бас тарту туралы өтініш білдірген мәжілісмендер экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қолы қойылған бас тарту алды.
ElDala.kz порталы «Kusto Group» директорлары кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішевтен не болып жатқанын түсіндіруді сұрады.
Сұхбаттың толық нұсқасын бейне түсірілімнен көре аласыздар:
Аудиоформаттағы сұхбатты мына жерден тыңдай аласыздар:
«Бұл қате іс»
- Сәлеметсіз бе, Еркін. Кәдеге жарату алымын енгізу мәселесі соңғы екі жылдан бері талқылануда. Әртүрлі форматта қолдану қаралып, нәтижесінде, осы жылдың маусым айында ауыл шаруашылығы техникасына толық таратылды. Экологияны қорғаудан бастап әртүрлі негіздеулер аталғанымен, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүдделерін қолдау қажеттілігіне тоқталды. Бұл сала мемлекеттің қуатты қолдауына ие екендігіне қарамастан, дамып жатқанын емес, күннен күнге құлдырауын көрсетуде. Соңғы жылдары мұнда еңбек өнімділігі 3,5 есе құлдырап, өндіріс көлемі төмендеген. Оның себебі неде? Жергілікті машина жасау саласы отандық аграршыларға мүмкіндіктері мен сапасы жағынан көңіл толтырмайтын техника ұсынуда. Әлде импорттық ауыл шаруашылығы техникасын жеткізушілер тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың дамуына кедергі келтіретін қандай да бір қысым бар ма?
- Менің ойымша, кәдеге жарату алымын енгізу бастамашылары себептер мен салдарларды шатастырып алған.
Ауыл шаруашылық машиналарын жасау ауыл шаруашылығы, аграрлық индустриясы кемелденген, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерінің мықты клиенттері бар елдерде дамуда. Техника түгілі жеңіл машина сатылмайтын жерде мықты машина жасау саласы дамымайды. Африкада машина өтпейтіндіктен, ешкім зауыт та ашпайды. Нарық дамыған жерде ғана зауыт ашылады. Оның жұмысы, алдымен өткізуден, сосын барып өндірістің пайда болуынан тұрады. Ауыл шаруашылық машиналарын жасау саласы жағдайында да алдымен аграрлық сала дамуы керек.
Украинаны мысалға алсақ та жеткілікті. Аграрлық индустрия кемеліне жеткенде, ол машина жасау саласының дамуын ғана емес, аралас кәсіптердің басқа да түрлерін дамытуға түрткі болған болатын. Ол үшін бірінші кезекте фермерлер аяғынан тік тұруы керек. Ал кәдеге жарату алымын енгізу – жағдайдың табиғи жолына соққы.
Тақырып бойынша оқыңыз: Қазақстандық фермерлер утилизациялық алымға құрбан болмақшы
Негізінен кәдеге жарату алымын енгізуден заңдылық қағидатының сақталмағанын көріп тұрмын. Іс жүзінде министрдің немесе екі министрдің бұйрығымен елге жаңа салық енгізуге болмайды. Ақыр аяғында, Қазақстандағы мемлекеттік жүйе қайда қалды. Оған сәйкес, шектеулердің, салықтардың кез-келген нысаны парламент арқылы енгізілуі керек емес пе? Ол дегеніміз, палаталардың, Мәжіліс пен Сенаттың талқылауына шығару. Талқылау нәтижесі бойынша ғана салық және басқа кодекстерге өзгерістер енгізіледі. Ал кәдеге жарату алымы болса барлық рәсімдерді айналып өтіп, екі министрдің бұйрығымен енгізілген «қате іс». Тіпті нысаны да қате, менің ойымша, машина жасау саласын қорғаумен бүркенген, белгілі бір дәрежедегі сыбайлас жемқорлық мәміле.
Бұл дәлелді дұрыс деп ойламаймын. Өзіңіз айтқандай, бізде машина жасау саласы жоқ. Себеп пен салдарға тағы да тоқталатын болсақ, алдымен қазақстандық техника өндірушілер үшін нарық бола алатын агроиндустрияны аяғына нық тұрғызу керек.
- Демек, алдымен сатылымды қамтамасыз ету керек шығар.
- Иә, алдымен сатып алушыларды тарту керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні техниканың барлық түрлері 80-90%-ға тозып тұр, олар тракторлар, тұқым сепкіштер, комбайндар және т.б. Нарық көлемі тозу деңгейінен көрініп тұр. Онда адамдар неге сатып алмайды, олар жаңа техниканың артықшылықтарын түсінбейтіндей ақымақ емес қой.
- Себебі фермерлерге сол баяғы қаржының жоқтығы қолбайлау.
- Иә, олар ақша тауып отырған жоқ. Қаржыландыру жүйесі жолға қойылмай келеді. Қаржыландыру жүйесіне ие болған кездің өзінде, пайыздарды төлеу, несиелерді қайтару үшін де табыс табуыңыз керек. Бұл мәселе дұрыс қаралып отырған жоқ дейтінім де содан. Әдеттегідей, басқа қырынан қаралуда. Аграрлық индустрияны дамыту керек. Осы кезде жабдықтарды толыққанды ауыстырып, жаңа техникамен жарақтандырылған ең құрымағанда 20-30% алдыңғы қатарлы фермерлерді шығаруға тырысудың орнына, кәдеге жарату алымымен басымыз қатып отырған жайымыз бар.
«Темірді үнемдеудің қажеті шамалы»
- Кәдеге жарату алымын енгізу – Қазақстанның машина-трактор паркін жаңартуға жаңа кедергі екендігі айдан анық.
- Мәселен, Kusto Agro Kazakhstan-ға қараңыз. Қазір бірнеше аймақтарда шамамен 40 мың га жер өңделуде. Оның ішінде, 20-30-40 жыл бұрынғы жабдықтардан басқа ештеңесі жоқ СҚО-да орналасқан «Арық Балық» кәсіпорнын өткен жылы ғана қолымызға алдық. Біз украиндық компаниялардың тәжірибесі бойынша тиімділікті арттыру мақсатында 10 млн долларға түрлі техника сатып алып отырмыз. Бұл алқаптағы жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге көмек болар еді. Өйткені, көршілерімізбен салыстырғанның өзінде де, Қазақстанда арқаны кеңге салатын уақыт жоқ.
- Иә, 10 күн ішінде.
- Күзде де тап солай, Қазақстанның солтүстігі мен орталығына қыраулы қыстың біршама ерте түсетіндігіне қарай, өнім жинау уақыты да тым таяз. Егінді жинап болысымен күзгі жауын-шашынның арты қарға ұласып жатады. Екінші жағынан, көктемде суық ұзақ уақыт сақталады, содан кейін күрт жылынып, артынан жаз келеді. Осындай жағдайларда, қожалықтар үшін жоғары өнімді техникаға ие болу – № 1 қажеттілік. Ондай техника болмаса, белгіленген мерзімге сәйкес өнім де жиналмайды. Анау-мынау техника емес, сапалысы, қуаттысы, ірі көлемдегі жұмыстарды орындауға қабілеттісі керек. Міне, осы көрсеткіштер бойынша өндірушілерге әлемдік көшбасшылармен бәсекелес болу өте қиын. Жоғары сапалы ауыл шаруашылық машиналарын жеткізетін бес компания бар. Бізге «темірді» үнемдеуге тырысудың қажеті жоқ, бізге қазіргі кезеңде керегі – табыс табу үшін алдыңғы қатарлы аграрлық технологияларды тарту. Оның орнына кәдеге жарату алымының енгізілгенін көріп отырмыз. Бұл қалай болғаны?
Шешім әртүрлі лоббистік құрылымдардың қысымымен қабылданғаны түсінікті. Шешімді орынсыз, дұрыс емес, ангажирленген деп айтар едім. Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының 90%-ы тозып тұрған кезде, фермерлерді қолдаудың орнына 5-10 % кәдеге жарату алымын төлеуге мәжбүр етеді. Олардың арасында Қазақстанның жергілік зауыттарындағы орта сапалы, ірі тораптық әдіспен жиналған техниканы сатып алуға құлшынып отырғаны жоқ. Оның үстіне, бұл Қазақстанға керек нәрсе емес. Еліміз орасан зор, қазірдің өзінде 20 млн гектардан астам жер өңделуде. Әлеуеті 50, артынан 100 млн га өңделуі тиіс.
Тақырып бойынша оқыңыз: Кәдеге жарату алымын енгізу Қазақстанның шаруаларын кетпенмен ғана қалдырамасына кім кепіл
Мысалы, Бразилияны алайық. Олар аграрлық мемлекетке айналмастан бұрын суару жұмыстарын ретке келтірді, заманауи агротехнологияларды енгізді, сапалы «John Deere» тұқымына ауысып, бес жылда төрт зауыт салып үлгерді. Өйткені нарық, клиенттер пайда болды, көлемдер ұлғайды, Бразилиядан ет, соя, жүгері экспортталды. Бірден ауылшаруашылық техникасы нарығында жергілікті толтыру автоматты түрде пайда болды. Демек, нарық кемеліне жетті.
Kusto Agro Kazakhstan тәжірибесі бойынша есептейік. Егер 40 мың га алқапты өңдеуге 10 млн долларға жабдық сатып алсақ, ағымдағы 20 млн гектар егістікке елімізге 500 есе көп – 5 млрд долларға техника қажет. Қазақстанның аграрлық индустриясына жаңа деңгейге шығу және егу мен жинау мәселелерін шешу үшін керегінің өзі де осы. Басқа жол жоқ. Ал кәдеге жарату алымын енгізгеннен кейін, өзіндік машина жасау саласы пайда болады деп үміттену аңғалдық.
- Яғни, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге «John Deere» келеді деген үміті бекер емес пе?
- Мұны түсіндірсең оқушы да түсінеді. Барлығы маркетингтен, сатылымнан басталады, бәрі клиент үшін жүреді. Төлеуге қабілетті клиент бар жерде дүкен де, қызмет көрсету де пайда болады. Қалалардың даму жолы қандай: алдымен шағын аудан салынады, оған адамдар тартылысымен дүкендер, мектептер және т.б. ашылады. Елсіз мекенде химиялық тазарту кәсібін ашып, адамдарды оның қызметін пайдалануға мәжбүрлей алмайсын. Бұл ақымақтық.
Кәдеге жарату алымын енгізу өзі жарымай отырған халықтың қалтасына қол сұғу. Өкінішке орай, көршілес Ресей, Қытай, Украина елдерімен салыстырғанда қазақстандық шаруалардың жағдайы осындай.
- Өзбекстан
- Тіпті, өзбек шаруаларының жағдайлары да жоғарылады. Кейбірі бір саты, кейбірі екі саты, ал біреулері 10-15 жылға ілгері дамыған. Біздің фермерлер ең соңында келеді, ол аздай, оның мойнына кәдеге жарату алымы салынды. Бұл тым тоғышарлық, біз онымен күресетін боламыз.
«Олар елдің болашағына тұзақ құруда»
- Кәдеге жарату алымын енгізудің қандай салдарларын болжар едіңіз? Машина-трактор паркін жаңарту қарқыны жыл бойы 1,5% деңгейінде сақталды. Өткен маусымда жағдай біршама жақсара бастады, ал 2019 жылы қарқын 4% өскен болатын. Енді міне, кәдеге жарату алымының енгізілуімен қайта құлар ма екен?
- Құлайтыны шындық. Өткен жылғы 4%-дың өзі тым аз. Демек, ол дегеніміз 90% тозған ауыл шаруашылық техникасын ауыстыру үшін бізге әлі 25 жыл қажет деген сөз. Бұл күлкілі. Паркті 2-3 жылда 20 – 30% жаңартатындай, техникалық жаңартуда күрт серпіліс жасайтындай көрсеткіш керек.
Қазақстанда табысқа жеткен кез келген тау-кен немесе мұнай индустриясына қараңыз. Жұмысы сапалы, өнімі экспортқа жөнелтілуде. Өйткені, олар жергілікті техниканы пайдаланбайды. Қазақ БелАЗдары, қазақ Caterpillar, қазақ Komatsu немесе қазақ мұнай жабдықтары қайда? Қуатты нарық болғанына қарамастан, әлі пайда болған жоқ. Оларда жергілікті машина жасау саласының үлесі тым аз. Құзыретіңіз болмаса, басқа рәсімдер болмаса, бос жерде ештеңе де пайда болмайды. Біз, Kusto Group, осы бағыттар бойынша жұмыс жасап, жергілікті өндірістермен кездесеміз. Олардың әлемдік көшбасшылардан кешеуілдегенін, өнімінің сапасы төмен немесе қанағаттанарлықсыздығын көріп отырмыз. Ал фермерлік кәсіп операциялық шығындары төмен, 24/7 тоқтаусыз жұмысқа жегуге және көлемдерді жүктеуге дайын тиімділігі жоғары сапалы техникаға мұқтаж.
Сондықтан да, мықты тау-кен кәсіпорнына барсаңыз, батыс үлгісіндегі тамаша техниканы көресіз. Әрі кетсе, қозғалтқышы мен ішкі жүйесі американдық болып келетін, ТМД өндірісінің БелАздарын көресіз.
Әңгіме машина жасау саласы туралы болатын болса, басқа мәселеге тоқталайық. Бізде ірі құрылыс саласы бар. Бірақ неге екені белгісіз мен қазақстанда жасалған экскаваторлар мен басқа құрылыс техникаларын көрген емеспін. Олар қайда? Барлық құрылыс техникасына да кәдеге жарату алымын енгізейік. Осы қисынға сәйкес, солай болуы керек.
Шын мәнінде, мен сізге белгілі елдердің тәжірибелерін мысал ретінде келтірейін. Бізде сондай жобалар болғандықтан, оларда не болып жатқаны бізге мәлім. Мәселен, экономикасы ойсыраған Эфиопияға барсаңыз, оларда кедендік баж салығының, кәдеге жарату алымының, басқа да төлемдердің бар екеніне таң қаласыз. Соған сәйкес, оларда ешқандай өндіріс те жоқ.
- Біздің де осындай тығырыққа тығар жолға түскеніміз ғой
- Әрине, бұл африкалық жол. Бұл сияқты белгілі бір топты тойдыруға бағытталған шешімдер бүкіл салаға зиян келтіреді. Шын мәнінде, олар ел болашағының жолын кеседі. Тағы да бір мысал: биыл Алматы қаласында «High Tech Academy» мектебін іске қосамыз. Бәрі біз ойлағандай емес екен, бізде ештеңе шығарылмаса да, сатып алатын мектеп жабдықтарына да баж салығы салынады. Әртүрлі газдармен жұмыс істейтін күрделі химиялық сыныптарды Германия мен Швейцариядағы әлемдік көшбасшылардан сатып аламыз. Міне, соларға кедендік баж салығы салынады. Оларға салық неге салынады? Сіздер осылайша балалардың болашағына балта шауып отырсыз, осыдан кейін сыныптарды, мектеп жабдықтарын жаңарту қайдан жүрсін.
Тақырып бойынша оқыңыз: Атамқұлов ауыл шаруашылық техникасына утилизациялық алым енгізу туралы ойымен бөлісті
Барлығының мойнына там-тұмдап салық сала беру ештеңеге де әкелмес. Сондықтан да, бізде білім алу бір орында қалып отыр, онлайн мектеп-оқытуды бастай алмадық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау мекемелерінің өздерін қалай ұстағандарына куә болдық, мақтанатын ештеңе жоқ. Ол туралы жазбаған адам жоқ. Қарапайым адамдардан бастап президентке дейін оның бәрін өздері бастан кешірді. Адамдардың қолы парацетамолға жетпей қалды. СК-Фармацияның дәрі-дәрмектерді сатып алу монополиясының неге әкелгенін көздеріңізбен көрдіңіздер.
Кәдеге жарату алымын енгізу тақырыбына қайта оралатын болсақ, оны енгізу және басқа да бірқатар шешімдер аграрлық индустрияны дамыту үшін пайдалануға болатын шамамен 200 млн гектар жері бар елдегі ауыл шаруашылығының болашағын жоймақшы. Жер – әлемдегі ең құнды ресурс, Марк Твен айтқандай ол енді өндірілмейді. Планетаның халқы күн санап өсіп, бос жерлер азайып бара жатқанда, бізге өз алқаптарымызды айналымға енгізу керек. 100 млн га жерді игеру үшін біршама техника қажет. Игерілмеген жерлерге қолға алу керек болатындықтан, жөндеу үшін жарты күнінді астында өткізетін кеңестік немесе ресейлік тракторлар емес керегі, бізге керегі өнімділігі жоғары, сенімді техника.
Сондықтан да кәдеге жарату алымын енгізу – негізсіз. Ол қазір бәрінің аузында, тіпті фермерлер одағы да сөз қылуда. Агроиндустрияда еңбек ететіндердің барлығы түсініп отыр. Бұдан басқа не айтуға болады?
«Бар пәле ашкөздік пен ақылсыздақта»
- Бұл шешім теріс, бәрі қарсы, бірақ кәдеге жарату алымы енгізілмекші. Шамасы, әлі де жасырын себептер бар, одан пайда көретіндер де бар. Мәселенің түп тамырын анықтағымыз келсек: бұл өз техникасын осындай жолмен сатқысы келетін ЕАЭО бойынша көршілеріміздің, Ресей мен Беларусияның тарапынан қысым болуы мүмкін. Әлде ел ішіндегі баз біреулердің осы жаңа салықты жинау ниеті болуы мүмкін.
- Жауды сырттан іздемес едім. Түйткіл іште. Бұл ішкі шешімдер. Бізде жеңіл машиналарға да кәдеге жарату алымы енгізілді емес пе, нәтижесінде автомобиль отанына айналдық па? Сондай-ақ, ірі торапты жинау жүруде. Олардың оқшаулау деңгейіне, қанша жұмыс орындарын ашқанына, қанша салық төлегеніне үңіліп көріңіз. Ол соған тұрады ма екен, бұл істе әлі жүз рет ойлану керек сияқты. Сондықтан да, бұл ұзақ мерзімді және дұрыс тәсіл бола алмайды. Ауыл шаруашылық техникасында да тура сол. Бұл белгілі топтардың және адамдардың пайда тапқысы келген жымысқы әрекеті.
- Әлдекімнің аграрлық саладан қандай да болмасын пайда табу мүмкіндігін көргені болар?
- Бізде әдетте бәрі солай ғой. Әйгілі Одесса әзілқойы Жванецкий айтқандай: «Шығындардан ұрлау әдетіңізді тастаңыз. Сіз алынған пайдадан ұрлап отырсыз!». Осы кеңестік әдет ешқайда жоғалған жоқ.
Аграрлық сала бұрыннан шығынды. Қазақ халқының 40%-ы, яғни 8 млн адам ауылда тұрады. Кәдеге жарату алымын енгізгендер мұны түсінуі керек. Ауылдағы адамдардың тұрмысы төмен, онда жалақы төмен немесе мүлде жоқ. Сондықтан да, ауыл адамдары қалаға қашады, қылмыстық сәттер де кездесетіні содан. Жұмысы жоқ адам қайда барады, немен айналысады? Білімі төмен, өркениеттің белгілі игіліктеріне қолы жетпейтін, айналысында береке болмаған адам немен айналысады екен?
Тақырып бойынша оқыңыз: Атамекен үкіметке ауыл шаруашылық техникасына кәдеге жарату алымын алып тастауды ұсынуда
Еңсесін түзете алмай келе жатқан аграрлық саланың мойнына тағы жүк салу дегеніміз қисынсыз жағдай. Бұл нәтижесіз тірлік емес, бұл іріткі. Саланы қасақана құлату. Конспирологтар мұның барлығы Қазақстанның аграрлы елге айналмауы, оның Қытай не Ресейге немесе басқа елдерге өз өнімдерін сатпауы үшін әдейі жасалып жатыр дер еді. Ондай ойға да келуге болар еді, бірақ мен мұның бәрі ел ішіндегі ашкөздік пен ақымақтық салдары деген ойға тоқталдым.
«Шетелдік инвесторлардың реакциясы жағымсыз»
- Енді мұнымен не істеуге болады? «Атамекен» ҰКП, мәжілісмендер, фермерлер одағы, салалық қауымдастықтардың барлығы қарсы шықты. Бірақ нәтиже жоқ.
- Күресу керек. Мүмкіндігінше ол туралы айтамыз, жазамыз, құр мойынсұнып отыра беруге болмайды. Шетелдік әріптестермен, оның ішінде суландыру бойынша «Valmont» компаниясымен, ет кәсібі бойынша «Tyson food» компаниясымен бірнеше жобаларды жылжытып келеміз. Оларға да түсіндіруге тырысамыз. Олар не дер екен? Әрине олар жаңа индустрияны дамыта отырып, оған бірден салық салғандарыңыз қалай дейтіні сөзсіз. Бұл өте ақылсыз және дұрыс емес. Сондықтан да, шетелдік инвесторлар реакциясының теріс болатынын біліп отырмын.
Мұндай әрекеттің белгісіздік тудыратыны бәрін аян. Бүгін кәдеге жарату алымын, ертең тағы бірдеңені енгізбесіне кім кепіл? Адамдардың қате шешімдерді көруі индустрияға жағымсыз көрініс беретіні сөзсіз.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шешімді қолдамады. Дегенмен, ол өз ұстанымын қорғай алмады.
- Ол қолдамағанымен, қарсылығын білдіре алмады. Үндемей құтылды.
- Иә, оның саласына фермерлерге еш көмегі тимейтін нәрсенің енгізілгеніне қарамастан, үнсіз құтылды. Жұмысқа көмектесетін, тиімділікті арттыруға ықпал ететін, шығындарды азайтатын, ынталандыратын нәрселерді енгізуіміз керек деп санаймын. Саланы қарызға батырып, түйткілдерін ушықтыратын емес, осындай қолдау саясатын ұстануға тиіспіз.
«Бұл таза сыбайлас жемқорлық»
- Әзірше кәдеге жарату алымы енгізілмей де, жойылмай да тұрғанда, жағдайды пайдаланып аграрийлерді қолдаудың қандай да болмасын жаңа құралдарын іске қоссақ ше? Сөйтіп аграрийлердің машина-трактор паркін жаңартуға көмектесер едік. Мәселен, инвестициялық субсидия көлемін арттыру керек пе?
- Жоқ, еш мағына көріп тұрғаным жоқ. Бұл барып тұрған таза сыйбайлас жемқорлық – бір қолыңызбен бересіз де, екінші қолыңызбен аласыз.
- Бірақ әзірге солай көрінеді. 2019 жылдың соңында қазақстандық фермерлерге инвестициялық субсидия түрінде 50 миллиард теңге түсті, енді олардың сол 50 миллиард теңгесін біреудің шотына түсіретін кәдеге жарату алымы енгізілуде.
- Иә, бұл журналистік тергеу жүргізуге таптырмас тақырып болды. Кімнің мүдделі екенін, қандай компанияның пайда табатынын, олардың артында кім тұрғанын анықтау керек. Ақшаның қайда бөлінетіндігіне қоғамның көзін ашу керек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын енгізе отырып, олардың аузынан жырып алады. Қолдау туралы көп айтылғанымен, нәтижесінің түрі осы.
Шын мәнінде, инвестициялық субсидия идеясы дұрыс – негізгі қорларды белсенді жаңартуды ынталандыру. Соған келуіміз керек. Қазір қатты артта қалып отырған күйіміз бар. Европаны айтпағанда, Ресей мен Украинаны, Қытайды қараңыздар. Украина толығымен жоғары сапалы европалық және американдық техниканы пайдалануда. Өзіміз сол жақта жұмыс істейтіндіктен, бәрін біліп отырмыз. Қызмет көрсету де дамып кеткен, қоңырау шала арқылы барлық ісіңізді бітіресіз, кез-келген бөлшегіңіз жеткізіледі. Ал бізде ше, кез-келген бөлшекті жарты жыл күтесін, мұның бәрі өкінішке орай, нарықтың әлсіздігінің көрінісі.
Тақырып бойынша оқыңыз: Кәдеге жарату алымын енгізу ауыл шаруашылық техникасының қымбаттауына алып келді
Машина жасау саласының өз елінде дамығанын кім жек көреді дейсін. Бірақ, ол үшін ең алдымен ақша табатын, жарқын болашағы бар фермер керек. Сосын барып ол өзінің белсенділігімен, кірістерімен машина жасау зауытының дамуын ынталандырады.
Америка ауыл шаруашылық машиналарын жасауда неге күшті? Өйткені, ондағы агроиндустрия әлемдегі ең мықты. Сол сияқты Қытай, Германия, жалпы аграрлық саласы мықты елдердің барлығы бірлескен кәсіпорын немесе басқа да жолмен өздерінің ауыл шаруашылық машиналары салаларын көтеріп отыр.
«Бұл ауқымды жобаларға әсер етпекші»
- Соңғы сұрақ – компанияңыздың жоспарына кәдеге жарату алымын енгізу қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Мүмкін, кейбір жобаларды қайта қарап, кейбіреуінен бас тарту керек шығар?
- Әсер етпеуі мүмкін емес. Қазір бәрін қайта сараламақшымыз. Ең өкініштісі, ауқымды жобаларға әсері. Мал шаруашылығы саласын көтермекші болғанбыз. Бірақ ол үшін алдымен өсімдік шаруашылығын ретке келтіру керек, ондағы шешуші мәселе – мал азығын дайындау. Қазақстанда екі қуатты дақыл – арпа мен жүгері бар. Соя да жаман емес, ал құмай Қазақстанның орталық және солтүстік аудандары жағдайында жақсы өнім береді. Мұның бәрі, фермерлердің қолында.
Компаниямыз бүкіл экожүйені салуға қатысқысы келеді. Ауыл шаруашылық министрлігінің өзі фермерлер санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін жеткізу жоспары туралы сөз қозғап отыр. Олардың бәріне жаңа салық салынатын трактор, әр түрлі техника қажет. Яғни, бала дүниеге келместен салық төлеуі керек. Нәресте дүниеге келген соң оның сұңғақ бойлы көркем жігіт болуын армандайсыз, бірақ арқасына ауыр сөмке іліп қоясыз. Нәтижесінде, кім өсіп шығады. Тіпті гном өспейді! Бала мұндай салмаққа төтеп бере алмайды.
Мұнда да тура сондай жағдай. Ауыл шаруашылығы тек қалыптасуда. Ескі кеңестік тәртіпке өндіріс мәдениеті, тұқым материалдары, технологиялар, ауылшаруашылық технологиялары тұрғысынан үлкен мән берілмеуі мүмкін. Бізді алдымызда қысқа мерзімде орындау қажет болатын қаншама жұмыс күтіп тұр. Украинаны үлгі ете аламын, өйткені онда әртүрлі бизнес түрлерімен 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Украинаның «Kusto Agro»-ның іске қосылғанына шамамен жеті жыл толды. Украинаның 10 жыл бұрын қалай болғанын көрдік, ол қазіргі Қазақстандағыдай болатын, көп нәрсе дамымады, агротехнология әлсіз, қара нарықтың көлемі үлкен, құнарсыз тұқым, жаман техника, аз жалақы болды.
Тақырып бойынша оқыңыз: ИИДМ кәдеге жарату алымын енгізу ауыл шаруашылық техникаларын жаңартуға ықпал етеді деп санайды
Ал қазіргі сәтте оларда не болып жатқанына қараңыз. Осы жылдар ішінде бұл сала өзін ең тұрақты екенін көрсетті. Ол елге валюта әкеліп отырған қуатты экспорт. Ол айналасында жаңа компаниялар, стартаптар, ІТ-технологиялар тудырады. Көптеген жастардың тұрақты жұмыс орнына айналды. Кезінде Қазақстанда банктер мен мұнай секторында жұмыс істеу мәртебелі болса, Украинда қазір агрокомпанияда жұмыс істеу өте мәртебелі. Бізге де соған келу керек, жермен айналысу, агроиндустрияда жұмыс істеу мәртебелі болу керек.
Бұл идеологиялық тұрғыдан жігерлендіру, сен әлемді, елінді азықпен қамтамасыз етуге үлес қосасын. Ауылға қол ұшынды созасын, ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүруіне көмектесесін. Екінші жағынан, бағыттары көп қызықты сала. Өйткені оларда шешілмеген ІТ-технологиялар, қайта өңдеулер, менеджменттер көп. Оған қоса жердегі жұмыс өте жылы сала. Жермен жұмыс істеген адам көп өзгереді. Сіз мұны білесіз, өйткені сіз фермерлермен жиі кездесесіз. Олар басқа бизнес түрлерінен, адамдардан ерекшеленеді. Олардың жерге, экологияға, қарым-қатынас пен өзіне деген көзқарасы жылы, қамқорлыққа толы.
Бұл біздің елге қайтаруымыз керек маңызды элемент. Еліміздің әрқашан жерден шыққан өнімдер шығарумен аты әлемге танымал болды. Осы саланың болашағы үшін күресуіміз керек. Ашкөз адамдардың болашағымызға кедергі келтірулеріне жол беруге болмайды.