Агробизнес банктерден 6%-бен несие алатын болады
Үкімет саланы дамытудың басым бағыттарында аграрлық жобалар пулын қалыптастырады. Оларды дамытуға кәсіпкерлер Halyk Bank, сондай-ақ даму институттары - Қазақстанның Даму Банкі, Аграрлық несие корпорациясы, "Бәйтерек" ҰБХ-нан 6% мөлшерлеме бойынша жеңілдікті несие ала алады. Мұндай келісімге тараптар Үкіметтегі кеңесте келді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Аграрийлер үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі 6%-дан аспайтыны туралы шешім қабылданды, бұл ретте ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясатының талаптарына жауап беретін жобаларды үздіксіз қаржыландыру жүргізілетін болады.
«Halyk Bank АӨК саласындағы жобаларды аграрийлерге мемлекеттік субсидиялар бөлу кезінде Үкіметпен және Бәйтерек холдингімен бірлесіп қаржыландыруға қатысуға дайын. Кеңесте Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова атап өткендей, банк мемлекеттік қолдау фокусын бірінші кезекте терең өңдеуге ауыстыру туралы шешімді қолдайды, Үкіметтің АӨК саласындағы бастамаларын белсенді қолдауға дайын», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қазақстанның Даму Банкі мен Аграрлық несие корпорациясының басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына жауап беретін жобалар үшін екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландыруды қарастыруға дайын екендіктерін растады.
«Ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары негізінен қазақстандықтардың азық-түлік қоржынымен айқындалған. Бұл тұтыну шығындарының жартысын құрайтын тауарлардың алты негізгі тобы: ет (17%), нан және жарма (8%), сүт өнімдері (5%), көкөністер (4%), жемістер (4%), қант және кондитерлік өнімдер (3,6%). Сондықтан біздің міндетіміз – бұл өнімдерді елде өндіруді қамтамасыз ету және тұтынушы үшін олардың құнын төмендету. Осы мақсатта мемлекетті жеңілдікпен қаржыландыру бірінші кезекте сүт-тауар фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді өңдеу жөніндегі жобаларға қолдау көрсетеді», — деп атап өтті кеңесте вице-премьер Серік Жұманғарин.
Тақырып бойынша оқу: АНК фермерлердің төлем қабілеттілігі мәселелерін болжамайды
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын АӨК саласында қайта өңдеудің 500 әлеуетті жобасының пулы қалыптастырылды. Жеңілдетілген қаржыландыруға үміткер әрбір жоба көптеген критерийлердің сүзгісінен өтеді, соның ішінде қарыз алушы кәсіпорын моделінің бизнес тұрақтылығы және оның іскерлік беделі.
Пул түпкілікті емес және алдағы үш жылда жалпы негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа келешегі бар жобалармен толықтырылатын болады: АӨК жалпы өнімінің көлемін 2,6 трлн теңгеге және АӨК-те қайта өңделген өнім көлемін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту.