Үкіметтің резервінен субсидиялар бойынша қарыздарды өтеуге 185 млрд теңге бөлінеді
Бүгінгі таңда Қазақстандағы фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша берешек 285 млрд теңгені құрайды. Оны өтеуге үкімет резервінен 185 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
“285 млрд теңге қарыз болды, бірақ соған қарамастан, қазіргі уақытта үкімет тарапынан қосымша қаулы қабылданды, резервтен 185 млрд теңге бөлінеді", - деді вице-министр.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерде субсидиялар төлеуге 441 млрд теңге қарастырылған. Оның айтуынша, төлемдер қазірдің өзінде жүргізілуде.
"Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар бойынша субсидияларға қосымша 48 млрд теңге бөлінді", - деді ол.