Ауыл шаруашылығы министрлігі 6 өнім түрін шығаратын жобаға қолдау көрсетеді

Қазақстанда азық-түліктің 6 түріне: құс етіне, шұжыққа, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балыққа импорттың тәуелділігі жоғары. Ішкі нарықты осы өнімдермен қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға арналған жоба дайындалды. Қазіргі уақытта құжатты тиісті мемлекеттік органдар бекітіп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінде айтылған.

Кешенді жоспарда әр бағыт бойынша инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты бірқатар шаралар қарастырылған: жеңілдетілген несие беру және субсидия бөлу, инфрақұрылымды дамыту, жер ресурстарын беру, ішкі нарықты қорғау, сонымен қатар кадрлармен қамтамасыз ету және оқыту.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Кешенді жоспар аясында 19 құс фабрикасын ашып, 35 өндірістік сүт фермасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 4 қант зауыты жаңартылады және Жамбыл, Павлодар облыстарында 2 жаңа қант зауыты салынады.

Тақырыпқа байланысты оқуСиыр еті 3 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Сонымен қатар 6,6 мың гектар алқапқа бақ отырғызу және балық өсіру бойынша 4 жобаны іске қосу жоспарлануда.

«2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде өнімнің аталған  түрлерімен қамтамасыз ету 100% болады, ал қант бойынша - 80% құрайды», - деп айтылды хабарламада.

Қазіргі таңда Қазақстан нан, макарон өнімдері, сүт, картоп, қияр, қызылша, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы және тұзға деген ішкі қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырып отырғанын атап өткен жөн.

11 азық-түлікпен қамтамасыз ету 80% немесе оданда артық мөлшерде, атап айтсақ: қызанақ, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, сиыр еті, жылқы еті, шошқа еті, сүт өнімдері, май, күнбағыс майы.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.