Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 10 жылда екі есеге кеңейеді — ауыл шаруашылығы министрлігі
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктеріне суармалы жерді кеңейту туралы жоспарды жіберді, деп хабарлады ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Министрдің мәлімдемесі бойынша, қазіргі кезде Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерінің 1,5 млн гектар алқабына су құбыры тартылған. Осы жерлердің тек 14% — ғана заманауи үлгідегі тамшылатып және себелетіп суару әдісін қолданады. Ал қалған жерлерде ескі бұрынғы әдіспен суды үнемдемей, егістікке жаппай су жіберу тәсілімен суғарылады.
Аграршыларды қазіргі заманғы әдістерге көшіру үшін мемлекет суару жүйесіне жұмсалатын шығынның жартысын бере отырып, инвестсубсидияларды ұсынады.Сонымен қатар, фермерлерді оқыту, біліктіліктерін арттыру және әртүрлі ферма үлгілерін көрсету мақсатында жағдайлар жасауда.
Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша суару жүйелерін сатып алуға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған.
«Суармалы егіншіліктің артықшылықтары бірден байқалады. Бұл әдіс бойынша суғарылған жердің өнімділігі 2-3 есеге артады. Суғару жүйесін сатып алу үшін көп шығын жұмсалатын болса да, аталған салаға инвестиция салу өте пайдалы болып табылады», — деп айтты ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Сонымен қатар, Сапархан Омаров суармалы жерлерді әртараптандыру жайына тоқталды. Оның айтуынша қазіргі кезде суармалы жерлердің көбінде бидай және арпа егіледі. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай алқаптарға көкөніс және бақша, мал азығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр.
«Мемлекет басшысының елдегі импортты алмастыру, көп өнім беретін дақылдарға көшу және суармалы жерлердің көлемін кеңейту бойынша алдыға қойған міндеттері аясында министрлік егіс алқаптарының жаңа түрлерін дайындауда. Аталған құжатта суармалы жерлердің көлемін 2030 жылға дейін екі есе арттыру жоспарланған. Бұл құжат жүзеге асырылу үшін облыс әкімдіктеріне тапсырылды», — деді Омаров.