26 наурыз - Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні болады

Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары Астанада өткен отырыста «26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы» бірлескен шешімге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысты.

Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі бірлескен күш-жігердің оң нәтижелерін атап өтті.

«Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, экологиялық қауіптердің өсу қарқыны оларды азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың ауқымынан асып түсетінін көрсетеді.

«Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян келтіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаңдаушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, яғни, суармалы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қабылдап, өнімді жұмыс істей алатынымызды әлемге паш етейік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, президент сұранысқа ие жобаларды қосымша қорландыру үшін халықаралық ұйымдармен, донорлармен және қаржы институттарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында БҰҰ-ның мамандандырылған институты ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы қайта көтердім. Мұндай құрылымды жасақтау – уақыт талабы. Бұл бастаманы халықаралық су қоғамдастығы да қолдап отыр. Аталған тетік аймақтағы су қауіпсіздігін сақтау мәселесінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.