Түркістан облысы Қытайға 13 тонна құрғақ түйе сүтін жөнелтті

Golden camel group LTD  компаниясы жақында Қытай Халық Республикасына 13 т дайын құрғақ түйе сүтін экспорттады, деп  хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Хабарламада айтылғандай, облыста Түйе шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. ҚХР мен ҚР арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Golden camel group LTD компаниясы құны 6,9 млрд теңгені құрайтын түйе сүтін қайта өңдеу зауытын салу жобасын жүзеге асырды. Кәсіпорынның қуаты-тәулігіне 100 т түйе сүтін шығаруға жетеді.

20 шаруа қожалығымен шарт жасай отырып, кәсіпорын бес сүт қабылдау пункті арқылы (Созақ, Ордабасы, Отырар аудандарында және Түркістан қаласында) күн сайын 5 тонна түйе сүтін қабылдайды.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамыту жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданған еді. Нәтижесінде 2020 жылдың басынан бастап  қосымша 4 мыңға жуық түйе сатып алынды. Осылайша, болашақта сүт өндіру көлемі 14,3 мың тоннаға жетуді жоспарлап отыр. Ал кәсіпорын өз қуатын 15% - ға арттыра алады деп күтілуде.

Аталған экономикалық бағдарлама  аясында өңірде түйе шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жылдық 6% - бен несие беру қарастырылған. Жобаның өтелу уақыты орташа 8-9 айды құрайды.

Сонымен қатар, Golden camel group LTD 1 мың басқа арналған түйе сүті кешенін салу жобасын іске асыруға кірісті. Жоба аясында Кентау қаласында, Бәйдібек, Созақ және Отырар аудандарында жер учаскелерін сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, Пекиндегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың ішінде ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша хаттамаға қол қойылған. Сондай-ақ ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша хаттамаға да қол қойылған болатын.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.