Азық-түлік корпорациясы 80 мың тонна астық экспорттады
Ағымдағы жылдың басынан бері Азық-түлік корпорациясы 33 млрд теңгеге 300 мың тоннадан астам астық сатты. Осы көлемнің 80 мың тоннасы экспортқа жіберілді, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
«Жыл басынан бері ұлттық компания Қытайға бидай, арпа және зығыр тұқымын жеткізуге 11 экспорттық келісімшарт жасады. Азық-түлік корпорациясының ағымдағы қорлары ішкі және сыртқы нарықтардағы сауда көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 1,2 млн тонна астық қоры бар», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ішкі нарықта Азық-түлік корпорациясының қорынан астық сатып алушылар құс және мал шаруашылығы, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары болды.
Астықты сатудан алынған қаражатты корпорация қарыздар бойынша пайыздарды өтеуге және жаңа егіннің астығын жыл сайын сатып алуға жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл астық пен жем-шөп қорының тұрақты жұмыс істейтін резервтік қорын жаңарту үшін қажет.
Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы тауар биржасындағы биржалық сауда-саттық арқылы астықты сатуды жалғастыруда.