Азық-түлік корпорациясы тұқым сатып алу үшін фермерлерді қаржыландырады
Азық –түлік келісім шарт корпорациясы және Ұлттық аграрлық ғылыми –білім беру орталығы (ҰАҒБО) агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттары бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған ынтымақтастықтың басым бағыттары астық, майлы және дәнді-бұршақты дақылдар тұқымдарының айналым нарығын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларына бейімделетін үздік шетелдік сорттар мен будандарды іздестіруге көмектесу болып табылады.
«Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы субъектілеріне 2021 жылдың қазан айында ҰАҒБО еншілес ұйымдарынан тұқым материалдарын сатып алуға қаржыландыруды ашады», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Тақырыпқа байланысты оқу: Мәжіліс астық туралы заңға түзетулер енгізді
Компанияда атап өткендей, меморандум тараптардың ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестігін нығайтуға, жоғары сапалы дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өндірісін дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін ҚР Үкіметі «Азық түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясының 2021-2030 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Аталған құжат компания қызметінің бағыттарын айтарлықтай кеңейтеді, оның міндеттерінің бірі ішкі нарықты жоғары сапалы астық тұқымдарына деген қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады. Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықтың сапалы тұқым материалына қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты жұмыс істейтін тұқым қорын қалыптастыру үшін өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапалы тұқымдарын сатып алуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру және тұқым шаруашылығын дамытуға көмектесу процесін жеделдету үшін Азық-түлік корпорациясы тұқым материалын импорттау және тұқым өндіру ауқымын одан әрі кеңейту үшін аттестатталған тұқым өсіру шаруашылықтарына өткізу жөніндегі оператор ретінде әрекет ететін болады, деп белгіленген құжатта.