Қазақстанда ветеринариялық препараттар нарығы өзгерістерді күтуде
Ветеринариялық препараттардың айналымына бірыңғай талаптарды ЕАЭО елдері енгізеді. Қазақстан үшін негізгі жаңалықтардың бірі өндірістік алаңдарды GMP нормаларына (тиісті өндірістік практика талаптарына) сәйкестігін инспекциялау туралы талап болып табылады. Алайда, біздің елде мұндай инспекция әлі жүргізілмеген: бұл үшін қажетті заңнамалық база да, инспекторлар да жоқ.
ЕАЭО кедендік аумағында ветеринариялық дәрілік заттардың айналысын реттеу қағидалары 13 наурыздан бастап күшіне енеді, бірақ өтпелі кезеңдер көзделген: ветеринариялық дәрілік препараттарды ұлттық заңнама бойынша тек Қазақстан аумағында айналым үшін ғана 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін тіркеуге болады. Ал 13 наурызға дейін берілген препараттарға арналған тіркеу куәліктері ҚР аумағында бес жыл бойы жарамды болады.
«Атамекен» ҰҚП агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік өнеркәсібі бөлімінің сарапшысы Бағила Сәкенова ElDala.kz порталына бұл саланы 2027 жылдан кейін не күтіп тұрғанын айтып берді.
«Бүгінгі таңда басты мәселе Қазақстанда ветеринариялық препараттарды тіркейтін органға өкілеттік берілмегендігі болып табылады. Яғни, ветеринарлық препараттарды тіркеу процедурасының өзі ешкімге заңды түрде бекітілмеген. Екінші мәселе, бізде GMP стандарты бойынша аттестатталған инспекторлар жоқ: АШМ ақпараты бойынша бізде тек екі инспектор бар», - деді Бағила Сәкенова.
Қазіргі уақытта GMP инспекциясын Ресей мен Беларуссиядағы мамандар жүргізе алады. Егер ел ішінде инспекторат құрылмаса, онда бұл автоматты түрде отандық препараттардың қымбаттауына әкеледі.
Жаңа ережелер бекітілгеннен кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі оларды талқылау үшін кездесу ұйымдастырды, онда өндірушілер ҚР-да GMP инспекторларын оқыту ұйымдастырылатынына сендірді. Осыған қарамастан, агробизнес пен өндірушілер алаңдаулы: ережелер бір айдан астам талқыланды, бірақ осы кезеңде Қазақстанда тиісті дайындық жүргізілген жоқ.
Сондай-ақ өтпелі кезеңде ЕАЭО бірыңғай тізіліміне кіру үшін досьені сәйкестендіруге тура келеді.
«Қазақстанда ветеринариялық препараттардың шамамен 70%-ы импортталады. Елде осы өнімнің 19 өндірушісі жұмыс істейді. 13 наурызға дейін алынатын тіркеу куәліктері бойынша олар препараттарды тағы бес жыл шығара алады. Бұл сала бұдан әрі қалай жұмыс істейтіні өтпелі кезеңде сертификаттарды, құжаттаманы және өндірістің өзін бірыңғай нормаларға сәйкес келтіре алатынымызға байланысты. Қайталап айтамын, бүгінде бізде GMP бойынша тек екі инспектор бар, инспекторат құру қажет», - деп атап өтті Бағила Сәкенова.
Наурыздың бірінші жартысында «Атамекен» мемлекеттік органдар мен бизнестің қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отыр, онда проблемалық мәселелер айтылып, шешу жолдары белгіленеді.
«Бізде тағы бес жыл бар. Осы Ережелерге көшу уәкілетті орган үшін де, отандық бизнес үшін де үлкен сынақ болады. Жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, жануарларға арналған контрафактілік дәрі-дәрмектің айналымға түсу қаупі сақталады деген жоғары ықтималдық бар. Қазақстанға заңнамалық деңгейде жеделдетілген режимде ветеринариялық препараттарды жаңа қағидалар бойынша тіркеу рәсімдерін жүзеге асыратын органның негізгі функцияларын бекіту және іске асыру, GMP инспекцияларын жүргізу үшін аттестатталған инспекторлар санын ұлғайту, ветеринариялық дәрілік препараттарды және GMP инспекцияларын тіркеу нәтижелерін өзара тану туралы нормаларды әзірлеу қажет», - деп түйіндеді Багила Сәкенова.