Кеше Мал шаруашылығы

KazBeef ет өнімдерін өндіруді ұлғайтуды жоспарлап отыр

KazBeef компаниясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің қатысуымен өткен кеңесте мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары туралы айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар экспорттық нарықтарды кеңейтуді талқылады, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

KazBeef компаниясы асыл тұқымды мал өсіруден бастап ет өңдеуге дейінгі «егістіктен сөрелерге дейін» өндірістің толық циклін жүзеге асырады. Атап айтқанда, ангус тұқымының өнімділігі жоғары асыл тұқымды малын өсіруге маманданған мал репродукторында 1,2 мыңнан астам ірі қара ұсталады.

Қуаттылығы 15 мың бас бордақылау алаңында қазіргі уақытта 11 мың бас ІҚМ ұсталады. Бордақылау алаңы толығымен цифрландырылған.

2020 жылдан бастап Feedlot Health Management Service (FHMS) «KazBeef» ЖШС-не малды азықтандыру және жай-күйін бақылау мәселелері бойынша кеңес береді. ІҚМ орта есеппен 250-300 күн бойы бордақыланады. Американдық диетологтар әзірлеген мал азығы үш кезеңнен тұрады: 6 айға дейін сүт беру, 10-12 айға дейін жайылымда бағу және 550 кг салмаққа жеткенге дейін теңдестірілген дәнді азықтандыру.

Вице-министр компания басшылығымен ветеринариялық қауіпсіздік, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендету және жануарлардың денсаулығын жақсарту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Аманғали Бердалин KazBeef Processing ет өңдеу комбинатында болды. 2018 жылдан бастап кәсіпорын салқындатылған және мұздатылған өнімдерді, соның ішінде жартылай фабрикаттарды, қосалқы өнімдерді, тартылған ет пен бургер котлеттерін шығарады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 150 бас ірі қара малды құрайды. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, сондай-ақ Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне, соның ішінде БАӘ мен Өзбекстанға экспортталады.

Вице-министр өндірістің барлық кезеңдерінде, соның ішінде сою мен өңдеуде ветеринариялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.