Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Еуропалық фермерлер сиырларды бұталар мен ағаштардың жапырақтарымен азықтандыруға мәжбүр болды
Биыл Еуропада болған құрғақшылық пен аптап ыстық мал азығының тапшылығына алып келді. Германияның оңтүстік-батысындағы Швабия өңірінде органикалық ферма иесі Юрген Спайнл сиырларын бұталардан тұратын қоршау мен ағаш жапырақтарымен азықтандыру арқылы мәселенің шешімін тапты. Қосымша азықтың бұл ерекше түріне жүгінуге жапырақтардың құрамында минералдардың болуы да себеп болған. Бұл туралы agrarheute.com жазды.
Юрген Спайнл 2018-2019 жылдары жазғы аптап кезінде ағаштардың түбіндегі шөптің жасыл күйінде сақталатынын, ал ашық жерлердегі шөптің тез қурап қалатынын байқаған. Сондықтан фермер шалфей, жаңғақ және қарағаштан қоршау отырғызды. Кейін бұл қоршау агроорман шаруашылығының ауқымды жүйесінің бір бөлігіне айналды: бірнеше жыл бойы Юрген мен оның отбасы ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарына ағаштар мен бұталар да отырғызды. Ал егістік жерлерде теректердің бірнеше жолағы жасалды.
Бастапқыда ағаштар мен бұталарды отырғызудағы мақсат – олардың көлеңке түсіріп, жел эрозиясының алдын алуы еді. Алайда биылғы маусымда өсімдіктердің жасыл массасы қосымша азық көзі бола алатыны анық байқалды: шілде айында сауын сиырлар алғаш рет отырғызылған өсімдіктердің бір бөлігін жей алды.
Алдымен мал бұталы қоршаудағы жапырақтарды жеді. Ал егін жиналғаннан кейін сиырларға егістік маңындағы орман жолақтарына кіруге рұқсат берілді. Онда олар теректердің жапырақтары мен бұтақтарын кеуде деңгейіне дейін жеп қойған. Отбасының айтуынша, бұл малды шамамен бір ай бойы қосымша жеммен азықтандырмауға мүмкіндік берген.
Ірі қараның жас төлдері де орман жолағына жіберілді. Онда қашарлар көлеңке мен қарақатқа ұқсас бұталы өсімдіктерді тауып, оларды азық ретінде пайдаланды.
Жапырақты мал азығы ретінде пайдалану – жаңа тұжырымдама емес. Ескі ауыл шаруашылығы оқулықтарында ағаштардың әртүрлі тұқымдарының жапырақтарын мал азығы ретінде пайдалану сипатталған.
Бұл бағыттағы зерттеулер Германияда бүгінгі күні де жалғасып жатыр. Бұл мәселені Тюнен институтының, Даммерсторфтағы ауылшаруашылық жануарларының биологиясын зерттеу институтының және Швейцария мен Нидерландтағы ғылыми орталықтардың мамандары зерттейді.