09 февраля 2021 Мал шаруашылығы

ҚР-да ақпан айында ауыл шаруашылығы малдарына вакцина салына бастайды

ҚР Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің жоспарына сәйкес, 2021 жылы Қазақстан Республикасында малдар мен құстарға вакцинациялау жұмысы бойынша 151 млн астам процедура жасалады, сондай-ақ 68 млн-дай диагностикалық зерттеулер жүргізілетін болады . Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде хабарлағандай, Халықаралық эпизоотиялық бюроның реестріне 88 түрлі ауру мен инфекция түрі тіркелген болса, Қазақстандық реестрде тек 68 түрі ғана тіркелген, бұл аурулар кеңес үкіметі кезеңінен бері тіркеліп келеді.

Қазіргі кезде Қазақстандағы эпизоотикалық жағдай  45 ауру түріне қолайлы болып табылады, диагностикалау және вакцинациялау бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық шаралар 23 ауру түріне жасалады.

Тақырыпқа байланысты оқуСерік Рахимбаев: Ветеринария саласында біз үшінші ел қатарына жатамыз

Айтылған вакцинация және диагностикалық зерттеу жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында жергілікті атқарушы органдарға қарасты мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың күз айларында Қазақстанда құс тұмауы өршіп, одан жұмыртқа шығаратын бес құс фабрикасы зардап шеккен болатын. Аталған сала мамандарының айтуынша, инфекцияның таралуы салдарынан 20% құс қырылған.