26 марта 2021 Мал шаруашылығы

Өзбекстан Қазақстаннан әкелінетін ет импортына қойылған шектеуді алып тастады

Өзбекстан еліндегі бас санитарлық дәрігердің 19 наурыздағы қаулысымен өткен жылы Ақмола облысы мен Шымкенттен мал мен мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге және транзиттеп тасуға салынған шектеулер алып тасталды. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.

2020 жылдың 25 қыркүйегінен бастап Өзбекстан ірі малдың, шикі еті мен ет өнімдерінің, сүт өнімдерінің, жүн, ішек-қарын, тері және былғарыны Ақмола облысы мен Шымкенттен әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулер енгізді. Осы мәселеге  байланысты Өзбекстанға немесе Өзбекстан Республикасы арқылы транзиттік жолмен басқа үшінші елдерге өнімдерін экспорттап жүрген қазақстандық кәсіпкерлер қиын жағдайда қалып, шығынға ұшырай бастаған еді.

Қалыптасқан жағдайға байланысты кәсіпкерлер «Атамекеннен» көмек сұрады.

«Былтыр күзде Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі комитетінің отырысында талқылады, содан кейін «Атамекен» ҰКП орталық кеңсесінде қаралды, содан кейін бұл мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілді. Ал АШМ өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігімен байланысқа шықты, олар аталған жағдайды Өзбекстан Республикасының үкіметімен шеше бастады. Жалпы жұмсалған күш, жасалған келіссөздер сәтті аяқталды: Наурыз мейрамы қарсаңында шектеулер алынып тасталды», - деді Шымкент кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әділжан Датқаев.

Тақырыпқа байланысты оқуҚазақстан малы Өзбекстанға жіберілуде

Сондай-ақ палатаның хабарлауынша, Өзбекстан тірі құстарды, жұмыртқа, құс қауырсыны мен мамығын, құс етін, жұмыртқа және құс өнімдерінің барлық түрлерін, әкелуге, алып өтуге салынған тыйымды алып тастады. Сонымен бірге құстарды ұстауға, союға және кесуге арналған жабдықтарды әкелуге және транзиттеуге  уақытша салынған шектеулер де алынып тасталынды.

Еске салсақ, Өзбекстанда Ақмола облысы мен Шымкенттен мал өнімдерін әкелуге енгізілген шектеулер осы аймақтардағы сібір жарасы туралы БАҚ-та расталмаған хабарламалар негізінде қабылданған болатын. Осыған байланысты, АШМ-нің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Өзбекстанға елдегі  эпидемиологиялық жағдайдың жақсы екендігі туралы ресми түрде айтып, қойылған шектеулерді жою туралы өтініш жолдады.