Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Таңбалау ресейлік өндірушілерге бәсекелік артықшылықтар бермекші
Келесі жылы Қазақстанда сүт өнімдерін таңбалау күтілуде. Шағыннан үлкенге дейінгі барлық деңгейдегі өндірушілер міндеттеме енгізуден зардап шекпекші. Таңбалауды енгізу барысында туындайтын түйкілдер ритейлдерді де күтіп отыр.
Бұл «DANONE BERKUT» компаниясының корпоративтік қатынастар жөніндегі директоры, Қазақстанның Сүт өнімдері одағының Қазақстанның оңтүстік өңірі бойынша өкілі Дінмұхамед Айсауытовтың пікірі.
- Шындығында, мұндай жағдайда нарықта осы жүйені құруға бастамашы болған Алишер Усманов бастаған бір топ ресейлік олигархтардан басқа ұтып отырған ешкім жоқ, деді Дінмұхамед Айсауытов. – Олар «адамдар – жаңа мұнай көзі» деген қағидатты ұстанып, сол арқылы ақша табады.
Мақала бойынша оқыңыз: ЕЭК сүт өнімдеріне таңба салу мерзімдері туралы келісті
Минус 22 млрд
Ресейде және ЕАЭО-да тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесін Озық технологияларды дамыту орталығы әзірлеп берді. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, ОТДО-ның 50%-ы Алишер Усмановтың «USM Holdings» компаниясына тиесілі, тағы 25%-ы «Ростех» пен Ресейдегі ең ірі «Магнит» сауда желісінің негізін қалаушы кәсіпкер Сергей Галицкийге тиесілі. Ресейде 2024 жылға дейін тұтыну тауарларының барлығын дерлік таңбаланумен қамту жоспарланып отыр.
- Бұл экономиканың күйреуіне әкеледі деп айтуға қорықпаймын, - деп атап өтті Дінмұхамед Айсауытов.
Суретте: Дінмұхамед Айсауытов
Идеяның мәні – бұл жүйенің тауардың әр бірлігіне автоматты түрде түсірілетін бірегей кодтарды шығаруы. Мәселен, сүт қорабын немесе йогурт стаканын таңбалау. Сөйтіп, кез-келген өндіруші импорт өндірісіндегі және жеткілікті қымбат тұратын кодтар түсіретін жабдық сатып алуға міндетті. Бұл ғана емес, желіге сенімді түрде қосылу керек, ал ауылдық жерде желінің жақсы ұстамайтыны белгілі. Қазақстанның сүт өнімдері одағының бағалауына сәйкес, сүт зауыттарының өндірістік желілерін жете жарақтандыру өнімнің өзіндік құнын шамамен 10%-ға көтеруге әкеледі.
Одан басқа жаңа операцияны желіге қосу қажеттілігі өндірістік процестің өзін 10-20% баяулатады, демек бұл да өндірушілерді шығынға әкеледі.
Айтпақшы код та тегін емес, ОТДО әр кодты сату арқылы ғана ақша табады. «Жаңа мұнай көзі» дегеніміз осы емей немене? Ресей үшін әр кодтың бағасы 50 копейка болып белгіленсе, біздің ақшамызға аударғанда – 3 теңге. Олар сонымен қатар әр заттың бағасына кіреді. Мұндай тәжірибе жобаларынан тарифтің үнемі өсетінін білеміз: қысқа мерзімде 3 теңге 30 теңгеге айналмасына кім кепіл? Шаруаларды «Qoldau» жүйесіне қосудың абоненттік төлемі де осылай басталмап па еді?!
Мақала бойынша оқыңыз: Атамекен фермерлерге арналған «Qoldau» тарифін алып тастауды ұсынуда
- Жақында «Қазахтелеком» ұлттық оператор болып бекітілді, – деп түсіндірді Дінмұхамед Айсауытов. – Оның бастамасымен ОТДО-мен бірлескен қазақстандық өндірушілер үшін код шығаратын кәсіпорын құрылды. Біздің есептеулеріміз бойынша, тек жеті тауар (темекі, алкоголь, фармацевтика, парфюмерия, шарап, алкогольсіз сусындар, сүт өнімдері) позициясы бойынша таңбалау шығындары 22 миллиард теңгені құрайды. Бұл қымбат бағалы жабдық сатып алуға жұмсалған инвестицияны қоспағандағы сома. Сайып келгенде, таңбалаудың жылдық құны Қазақстан Республикасында бір жыл ішінде жиналған барлық жер салығынан (шамамен 19 миллиард теңге) да асып түседі.
Таңбаланбаған өнімдер сатылымға жіберілмейді.
Мағынасыз жаңа құбылыс
Алайда өндірушілердің қосымша шығындары түйткілдің бір бөлігі ғана. Түсірілген код дүкенде сатылу кезінде де есептелуі керек. Бұл қосымша жабдық пен шығын. Бұл жүктеме онсыз да әрең күнелтіп отырған ұсақ дүкендердің жабылуына әкелуі мүмкін.
Ірі сауда желілері бұл талаптардың барлығына селқос қарайтыны анық. Олар бірінші кезекте таңбаланатын тауарларды сатуға қабылдаудан бас тарта салуы мүмкін. Ал бізде ең алдымен таңбаланатыны – сүт өнімдері.
Мақала бойынша оқыңыз: Қазақстан алдағы бес жылда сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі – АШМ
Ең қызықтысы, кодтарға әкетіп бара жатқан мұқтаждық жоқ. Сайып келгенде, сүт өнімдерін ешкім қолдан жасамайды, бұл сегмент қосымша шараларсыз да толығымен бақыланады. Сүт өнімдерінің тәжірибенің алғашқы құрбаны ретінде таңдалуы түсініксіз.
– Нұсқалардың бірі – бұл Ресейдің сүт өндірушілерінің әділетсіз бәсекелестігі, – деп Қазахстанның фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ербол Есенеев өз пікірімен бөлісті. – Белгілі болғандай, Ресейдің соңғы жылдары сүт өндірісін күрт дамытқаны соншалықты, олар өздерін қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықтарды жаулауды жоспарлауда. Қазақстан бұл мағынада ЕАЭО-дағы көрші ретінде өте ыңғайлы. Таңбалау талаптарын енгізу арқылы, қазақстандық ұсақ өндірушілердің бір бөлігін нарықтан ысырып, бос орынды иеленуге болады.
Суретте: Ербол Есенеев
Сонымен қатар, бақылауды негізсіз күшейтудің салдары нарықтағы жағдайды қиындата түседі. Заңды жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылып, сүтін қайта өңдеушілерге тапсыра отырып, қазақстандық жеке шаруа қожалықтары көше саудасына шығуға мәжбүр болады. Бұл жағдайда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету шынымен де мүмкін болмайды. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді.
Қауіптің артуы
Әлеуметтік зардаптарды ескермеу мүмкін емес: Қазақстандағы сүттің көп бөлігі (70% дейін) жеке аулаларда өндіріледі. Көптеген ауыл тұрғындары үшін бұл жалғыз табыс көзі. Сүт қабылдайтын өңдеуші компаниялар жабылған жағдайда, ауыл тұрғындары напақаларынан қағылады. Онсыз да шиеленісу алдында тұрған экономикалық дағдарыс жағдайында шиеленістің ықтимал ошағына айналмасына кім кепіл?!
- Таңбалау сүт өнімдерімен аяқталса жақсы-ау, - деп әңгімесін жалғастырды Дінмұхамед Айсауытов. – Ресейдегі сияқты, ЕАЭО аясындағы келісім Қазақстандағы халық тұтынатын барлық тауарларды біртіңдеп таңбалаумен қамту қарастырылған.
Ресейде кодтарды енгізу тондардан басталды, қара базарға жол бермеу үшін тондарға код салу дұрыс та шығар. Тонның бағасын және сатып алушылардың шектеулі тобына қарай, таңбалауды енгізу салаға қандай да болмасын әсерін тигізген жоқ. Ендігі кезекте таңбалау темекі мен алкоголь өнімдеріне қолданылуда.
Осыдан-ақ жүйені іске қосушылардың «жаңа мұнай көзінің» әлеуетін жақсы түсінгені байқалады.
Сонымен келесі жылы Ресейде сүт өнімдеріне, шиналарға, фотоаппаратқа, парфюмерияға, фармацевтикаға таңбалау енгізіледі.
Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңдеушілер мен фермерлердің салалық қауымдастықтары бұл енгізімге қарсы. Салаға реттеушілік әсеріне талдау әлі жүргізілген жоқ.
Мақала бойынша оқыңыз: ЕАЭО Іскерлік кеңесі сүт өнімдерін таңбалауға қарсы
Бірақ жаңа енгізілімнің тоқтатылуына үміт аз. Ақыр аяғында, Қазақстан билігі осы ұстанымды қолдайды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бастаған мамандандырылған ведомстволар таңбалауды қазіргі кезде көп айтылатын цифрлау элементі ретінде қолдап отыр. Ол туралы өндірушілерге артықшылық беретін құрал ретінде айтылғанымен, іс жүзінде – фермерлердің, өңдеушілер мен қарапайым азаматтардың қалталарына қол сұғудан өзге дым да емес.