Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Герефорд мінсіз мал тұқымы болып саналады
Герефорд тұқымы әлемде ең көп таралған ірі қара малдың бірі болып табылады және әлемнің түкпір-түкпіріндегі фермерлерге қатты ұнайтын сиырдың бір түрі. Оның пішіні мен түсі бұл малды ет тұқымдарының арасында асыл тұқымды екенін көрсетеді. Бұл сиырлар Антарктикадан басқа барлық жерде өсіріледі, олар шыққан жерлері - Ұлыбританияда, ЕО елдерінде, Канадада, АҚШ-та, Мексикада, Австралияда және Жаңа Зеландияда, Бразилияда, Аргентинада, Уругвайда, Оңтүстік Африка Республикасында, Ресейде (Сібір, Қиыр Шығыс, Оңтүстік-Шығыс), Орта Азияда кездеседі.
Герефордтар Қазақстанда да кең таралған. Бүгінгі таңда аталған тұқым республикада кеңінен таралған үш түрдің бірі болып табылады. Бұл асыл тұқымды ірі қара малға фермерлердің неге соншалықты қызығатындықтары туралы және елде оның өсірілуі жайлы Республикалық герефорд тұқымы палатасының директоры Даурен Матакбаев айтып берді.
Аталған тұқымды өсірудің жеті себебі
Мал басының осыншалықты өскендігі шынымен қуантады, өйткені он жыл бұрын, 2010 жылы елде небары 2500 герефорд болған! Ал бүгінгі күні Қазақстанда 70 601 мал басы тіркелген. Осы жылдар ішінде шамамен 20 мың бас импортталды, қалғандары Қазақстанда өсірілді.
Тақырыпты оқу: Не себепті ангустар Қазақстанда мұншалықты кең таралды?
Қазіргі уақытта Герефорд тұқымдарының республикалық палатасының мүшелігінде - 105 шаруашылық тұр. Аталған тұқым Қазақстанның көптеген аймақтарында өсіріледі: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл.
Герефорд малдарын өсірумен ірі фермалар да, ұсақ шаруашылықтар да айналысады. Палата мүшелеріндегі мал саны 75-тен 3000-ға дейін
-Герефорд тұқымында малдың ет өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін көптеген ерекше қасиеттер бар, - дейді Дәурен Матакбаев және олардың негізгі белгілерін санамалап айтып берді.
Біріншіден, бұл малдың етін «мәрмәр» жоғары сапалы ет деп атауға болады, еттің шығымдылығы орташа алғанда 60-65%, ал жақсы бордақыланған жағдайда 70% -ға дейін жетеді.
Екіншіден, бұл тұқымның малдары жуас болып келеді, сондықтан фермерлерге оны баптап күту оңай.
Үшіншіден, олардың репродуктивті қасиеттері жақсы дамыған (яғни, өз ұрпақтарына өз гендерін беру мүмкіндігі). Сонымен қатар, сиырларда аналық инстинкт өте жақсы дамыған, бұл бұзауға күтім жасауды айтарлықтай жеңілдетеді.
Төртіншіден, бұл малдар жердің кез-келген табиғи жағдайларына және климаттық ерекшеліктеріне тез бейімделеді. Сондай-ақ күтімге де жақсы бейімделеді. Олар шыққан жері Англияға қарағанда ыстық климатқа да, салқын климатқа да жақсы бейімделдіп өмір сүре алады. Олар ұзақ жол жүргенге де шыдамды және оны ұзақ уақыт ашық жайылымдарда ұстауға болады.
Бесіншіден, Герефордтар нарық талаптарына сай келеді:оларды аз мөлшерде сатуға да болады, ірі көлемде экспорттауға да болады. Жайылымда жүріп те, бір орында тұрып та бордақылау арқылы сиырлар көп салмақ жинай алады.
Алтыншыдан, олардың жемшөпті жегеніне қарай берер өнімділігі де өте жоғары. Яғни, бірдей азықтандырған жағдайда герефордтар тезірек салмақ жинайды. Сонымен қатар, малға әртүрлі жемшөптерді қолданғанда тез өседі.
Жетіншіден, герефордтардың генетикалық ақаулары жоқ. Гендері өте күшті және жақсы беріледі.
Абердин-Ангус тұқымымен қатар, Герефорд стейктер жасау үшін тамаша «мәрмәр» ет беруімен бүкіл әлемге танымал.
Мүйізді және мүйізсіз малдар
Бұл тұқым Уэльске жақын жерде орналасқан ағылшынның Херефордшир графтығында пайда болды. Оны Англияның оңтүстік-батысында кең таралған қызыл малмен будандастыру арқылы шығарды. Жаңа тұқым алу жұмыстары 18 ғасырдың бірінші жартысында басталды. Негізінен, зауыттардың жұмысы малдан жақсы және сапалы ет алумен басталды. Тұқымның сүт сапасын арттыру ешқашан басты мәселе болмады. Аталған тұқымды өсіруге байланысты жұмыс ұзақ уақыт жүргізілді, тек 18 ғасырдың соңына қарай дәстүрлі ақ басы бар және денесінің белгілі бір тұстарында дақтары бар сиыр пайда болды. Тұқымды қалыптастырудың соңғы сәттері- 19 ғасырдың ортасына қарай пайда болып, қазіргі заманғы түрі мен сапалық сипаттамалары бар сиыр өсіріле бастады. Герефорд тұқымының алғашқы ағылшындық асыл тұқымды кітабы 1846 жылы пайда болды.
Тақырыпты оқу: Не себепті Қазақстандық әулиекөл тұқымы №1 таңбалы ет бола алады?
19 ғасырдың соңында АҚШ-та герефордтың арнайы комолый деген (яғни мүйізсіз) түрі шығарылды. Ол кейде өзінше жеке тұқым болып бөлінеді, бірақ, шын мәнісінде, мүйізсіз болғаны болмаса, өзінің тұқымдас сиырларынан еш айырмашылығы жоқ.
20-шы ғасырдың басынан бері герефордтар бүкіл әлемде кеңінен таралып, ең танымал және жақсы ет тұқымдарының біріне айналды. Мәселен, Қазақстанда герефорд бұқаларын қазақ және қалмақ малымен будандастыру негізінде 1930-1950 жылдары қазақтың ақ бас тұқымы (ақбас) шығарылды. Сонымен қатар, герефордтың әсерін әртүрлі мәліметтер бойынша, Батыс және шығыс жарты шарда 20-дан 30-ға дейін түрлі ірі қара малға беріліп, тұқымдарымен араласқан.
-Дәстүр бойынша, кез-келген климаттық жағдайға оңай бейімделетін және жоғары сапалық қасиеті бар мал өсіруге фермерлер үлкен ықылас танытты, дейді Дәурен Матакбаев. - Герефорд тұқымы - бұл төзімді және денсаулығы мықты мал еті, айналадығы жағдайға бейім және «мәрмәр» еті бар мал. Жақсы азық жегеннен кейін, 12 ай ішінде сиырдың салмағы шамамен 290 кг, ал бқөаның салмағы 340 кг болады. 18 ай ішінде мал тағы 100 кг салмақ қоса алады. Сондай-ақ, олар кез-келген жағдайға тез бейімделетіндігін атап өтуге болады. Бұзаулардағы өлім-жітім көрсеткіші төмен, олар бұзау кезінен төзімді болып келеді. Егер бұзаудың асты құрғақ болса, онда суық тимейді. Табын ұзақ жол жүре алады. Жайылымда кез-келген шөпті, соның ішінде қатты және арам шөптерді жей алады. Соның нәтижесінде де ет сапасы жоғары болып қалады, ал тіпті қолайсыз жағдайларда да салмақ қоса береді. Жақсы төлдейді.
Ағылшын малының қаны бар тұқым
Герефордтар тірідей салмақтың ұзақ уақыт бойы қосылуына –семіруіне мүмкіндік береді. Малды бордақылау кезінде бұзау тәулігіне 1100-ден 2000 граммға дейін жетеді. Соның арқасында кейбір малдар бір жасқа дейін 500 кг салмаққа жетеді!
Тақырыпты оқу: Қазақстанға ІҚМ санын үш есеге дейін арттыру керек
Дәстүрлі ақ бас және ақ құрсақ мал ұрпақтарына қасиеттері өте жақсы беріледі, бұл тұқымда герефорд қанының барын айқын көрсетеді.
Ірі қара мал ет тұқымдарына тән қасиеттер:ден тұрқы -ірі күшті болады, басы шағын, мойны қысқа, жұмыр. Кеудесі -дөңгелек, кең шығыңқы, бұлшық ет иықтары- күшті, аяқтары қысқа, артқы жағы кең. Жазда жүні әдетте қысқа болады, суық мезгілде ол айтарлықтай өседі және бұйра болады. Түрі негізінен қара қызыл, түрлі реңктері болады, қызылдан қоңыр түске дейін кездеседі. Бас, кеуде, мойын, іш, төменгі жағы, аяқ-қолдары және құйрық жағы- әрдайым ақ, мұрны- ашық-қызғылт түсті. Сүттілік сипаттары онша білінбейді. Терісі қалың, серпімді, тері астындағы тіндерімен біршама қалыңдау.
Бұқашықтардың салмағы 35-45 кг болып туады, сиырлар сәл жеңілдеу (30-40 кг) болады. Ересек бұқалардың салмағы 800-ден 1350 кг-ға дейін, сиырлар 550-ден 850 кг-ға дейін жетеді. Орташа биіктігі - 125 см, денесінің көлбеу ұзындығы - 153 см. Көптеген мамандар Герефордтың өмір сүру кезеңін - 18 жылға дейін жетеді деп атап өтеді.
Жыл сайын Қазақстанда 4500-ге жуық жас герефорд тұқымы сатылады. Бір бұзаудың бағасы 300-ден 350 мыңға дейін бағаланады.
-Біздің елімізде герефордтардың таралуын, генетикасын жетік білетін фермерлеріміздің білімдері жеткіліксіз болып жатыр, - деп есептейді Дәурен Матакбаев. - Сондай-ақ, жем беру, азықтандыру жүйесі әлі толық зерттелген жоқ. Білікті мамандардың - мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі бар, сонымен қатар қазіргі заманғы талап бойынша салынатын зертханалар жетіспеуде.
Осыған қарамастан, бұл ағылшын тұқымды сиырлар біздің шаруашылығымызда жақсы дамыды және тез көбейіп келеді деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл таңқаларлық жағдай емес, өйткені тұқымның көптеген артықшылықтары бар. Тіпті бір асыл тұқымды бұқа бір табын сиырдың тұқымдарын генетикалық және сапалық көрсеткіштері жағынан едәуір жақсарта алады.