Қазақстанда 18,6 млн тонна астық бастырылды

Қазақстанда 26 қыркүйектегі жағдай бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқаптарының 81,5% (12,7 млн га) жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрап, 18,6 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылы егіс алқабы 24,2 млн гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға ұлғайды. Оның ішінде 15,6 млн га дәнді дақылдарға, 5,2 млн га майлы дақылдарға, 3 млн га жемдік дақылдарға бөлінді. Мақта егістігінің көлемі 173,6 мың га, қант қызылшасы – 23,8 мың га болды.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа өнімнің 4,9 млн тоннасы жеткізілді. Оның негізгі бөлігін 3-сыныпты астық құрайды – 74%. Тағы 20%-ы 4-сыныпқа, 6%-ы 5-сыныпқа жатады.

Желімше мөлшері бойынша да жоғары көрсеткіштер тіркеліп отыр. Зерттелген жұмсақ бидайдың 48%-да желімше мөлшері 28%-дан жоғары болды. Үлгілердің тағы 25%-да бұл көрсеткіш 25–27%, ал 27%-да 23–24% құрады.

Сонымен қатар аграршылар майлы дақылдарды жинау қарқынын арттырып келеді. Бүгінгі таңда 2,2 млн га алқап жиналып, 2,2 млн тонна майлы дәндер бастырылды.

Бұдан бөлек, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна картоп және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Егін жинау науқанын өткізу үшін өңірлерде 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың дестелегіш және 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды.

Аграршыларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға 2,3 млн тонна көлемінде тыңайтқыш енгізу жоспары белгіленген. Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 2,1 млн тонна тыңайтқышты жөнелтуге келісімшарттар жасалды, бұл жоспардың 90%-ын құрайды.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.