Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Жамбыл облысында қарасора өңдейтін зауыт салу жоспарлануда
Жамбыл облысында медициналық мақсатта қарасора өңдеуді бастау жоспарланып отыр. Аталған жоба Шу ауданында заңды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында талқыланды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Жамбыл облысының аумағында 100 мың гектардан астам жабайы өсетін қарасора бар. Бұл шөпті медициналық мақсатта зерттеу және пайдалану үшін қазіргі кезде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Басқа шет мемлекеттердің табысты тәжірибесі қолданылып, аталған шөпті емдік мақсатта пайдалануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйені құрудың уақыты келді. Бұл жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әкімдіктің хабарлауынша, жобаға қазірдің өзінде инвестор бар. «Жаңа Жол Холдинг Лимитед» ЖШС директоры Александр Ким айтқандай, компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамытуға, қарасораны өсіру мен өңдеу саласында заманауи технологияларды енгізуге, дәрі-дәрмек өндірісі үшін компоненттерді алуға ниетті.
«Аталған аймақтың климаттық жағдайлары, географиялық орны зерттеу жүргізуге және өңдеуге, сондай-ақ шикізат пен дайын дәрі-дәрмек шығаруға мүмкіндік береді», - деді Александр Ким.
Ол жобаны төрт кезеңде жүзеге асыруды ұсынады,жоба барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, елдің қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізіліп, жаңа экономикалық кластер қалыптасады.
Бердібек Сапарбаев барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Бірінші кезеңде пилоттық жобаны іске асыру қажет. Осылайша біз өзімізді қауіп-қатерден қорғай аламыз. Жергілікті мемлекеттік органдар министрліктермен тығыз ынтымақтастықта болып, жобаны жүзеге асыруды кешіктірмеуі керек», - деп қорытындылады сөзін Бердібек Сапарбаев.