Қазақстан Моңғолиямен 62,6 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасасты

Қазақстандық компаниялар Ұлан-Батырдағы бизнес-миссия барысында Моңғолиямен жалпы сомасы 62,6 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасасты. Бұл турады ҚР Сауда және интеграция министрлігінде хабарлады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы үш есе өсті. Бұл ретте жеткізілімдердің 90%-дан астамы азық-түлік және өнеркәсіптік өнімдерді қоса алғанда, шикізаттық емес дайын тауарлардан тұрады. Мұндай экспорт құрылымы шикізат моделінен қосылған құны жоғары өнімді жеткізуге біртіндеп көшуді көрсетеді.

«Біз Моңғолияны шикізаттық емес экспортты кеңейтудің келешекті бағыты ретінде қарастырамыз. Дайын өнімдердің жеткізілімдердегі жоғары үлесі және бизнестің қызығушылығы бұл енді сынақ нарығы емес, тұрақты сауда бағытының дамып келе жатқанын растайды», - деді Ұлан-Батырдағы бизнес-форум барысында сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Оның айтуынша, ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы 367 тауар позициясын қамтитын Уақытша сауда келісімі ынтымақтастыққа қосымша серпін бере алады. Құжат экспорттаушылар мен бірлескен жобаларды іске қосу үшін жаңа жағдайлар жасай отырып, кедергілерді азайтуды және нарыққа қолжетімділікті кеңейтуді көздейді.

«Қазір оның күшіне енуі бойынша жұмыстар жүргізілуде және бұл жақын арада болады деп сенеміз. Біздің компанияларымыз үшін бұл экспортқа және бірлескен жобаларды іске қосуға көбірек мүмкіндіктер береді», - деп толықтырды Айжан Бижанова.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болып табылады. Бұл Моңғолия үшін экспорттық бағыттарды әртараптандыруға, өнімді жеткізу мерзімдерін қысқартуға және ЕАЭО, Кавказ, Түркия және Еуропалық Одақ нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстан өнімдерді сыртқы нарықтарға экспорттаудың негізгі транзиттік орталығы ретіндегі өз орнын нығайтуда.

Қазақстанның Ұлан-Батырдағы сауда миссиясы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға сапары қарсаңында өтуде.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.