Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
КосАгроКоммерц компаниясы Қазақстанда тыңайтқыштың жаңа түрін шығарады
Жаңа формулалар бойынша Yara Mila NPK түріндегі түйіршіктелген топырақ тыңайтқыштарын өндіруді КосАгроКоммерц компаниясы 2020 жылы Алматы облысында шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы AgriTek/FarmTek Astana 2020 XV халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесінде компания директорының орынбасары Екатерина Гончарова айтты.
«Аталған тыңайтқыштарды біз тұрғылықты жерде өндіретін боламыз. Оның ерекшелігі-кез келген түйіршіктелген тыңайтқышты қосымша сұйық микроэлементтермен қосып, өңдеуге болады. Осылайша, бұл тыңайтқыштарға тек азот қана емес, сонымен қатар калий және басқа да микроэлементтер қосылатын болады. Яғни тұтынушыларға өсіретін нақты ауыл шаруашылығы дақылдарына қарай қажетті өнімді жасап бере аламыз. Қазір біз Голландиядан жабдықтар сатып алып жатырмыз. Оны наурыз-сәуір айларында іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді Екатерина Гончарова.
Директор орынбасарының айтуы бойынша, КосАгроКоммерц компаниясы өз өнімдерін үнемі кеңейтіп отырады. Мысалы, 2020 жылы тағы үш жаңа тауар сатылымға шығарылады.
Жаңа өнімдердің арасында-далалық дақылдарға арналған нәрлендіргіш препараттар бар.
«Мысалы, сұйық фосфор өнімі, ол әртүрлі климаттық жағдайларда, атап айтқанда ылғал жеткіліксіз болғанда немесе температура төмен болғанда немесе өсімдіктің тамырына себілетін фосфор жеткілікті болмаған кезде көмектеседі. Міне, осындай жағдайда сұйық фосфор өсімдікке құйылып, оның дамуы үшін күш беріп, оны қуаттандырады. Біз кейде оны «энергетикалық сусын» деп те атаймыз. Бұл тыңайтқыштың атауы- ЯраВита Комбифос, қазір осы өнімге басты назар аударудамыз», — деді Екатерина Гончарова.
КосАгроКоммерц компаниясының өнімді сатудың жылдық көлемі шамамен 30 мың тонна тыңайтқышты құрайды. Бірақ компания препарат сатумен ғана айналыспайды. КосАгроКоммерц мамандары тұтынушылар үшін өз зертханасында топырақты талдау-сараптау жұмыстарын да жүргізе алады. Олар ауыл шаруашылығы дақылдарына қоректік заттарды енгізудің қажетті нормаларын, мөлшерін дәл есептей алады және көп өнім алу үшін қосымша тыңайтқыш қосу туралы жеке жоспар жасай алады.
Екатерина Гончарованың айтуынша, компания ауыл шаруашылығы нарығында 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Ол тыңайтқыш өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы Yara сауда маркасының ресми дистрибьюторы болып табылады. Қазіргі уақытта КосАгроКоммерц Қазақстан Республикасының нарығында минералды тыңайтқыштарды сату бойынша алдыңғы қатардағы 3 -тік топқа кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда тыңайтқыш енгізу көлемі төмен деңгейде болып отыр:ол қажеттіліктің 14-18% - ын ғана құрайды.