ӘКК-да картоп қоры мәлімделгеннен айтарлықтай төмен болып шықты
Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі тексеру тұрақтандыру қорлары үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) келісімшарт жасаған картоптың мәлімделген қорларының нақты қорлармен айтарлықтай сәйкессіздігін анықтады. Бұл туралы Үкіметтегі кеңес барысында белгілі болды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, 12 наурыздағы жағдай бойынша ӘКК тұрақтандыру қорына келісім-шарт жасасқан картоптың қалған көлемі 41,3 мың тоннаны құрады, бұл жарияланған көлемдермен сәйкес келмейді.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында ӘКК мәлімдеген 2,5 мың тоннадан астамы іс жүзінде 25 тоннасы ғана расталды. Шығыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 1,6 мың тонна астамынан 35 тонна ғана расталды. Атырау облысында: 394 тонна мәлімделді, 110 тонна расталды. Абай облысында: 2,2 мың тоннадан астам мәлімделді, 183 тонна расталды. Жамбыл облысында: 2,6 мың тоннадан астам мәлімделді, тексеру нәтижелері бойынша тек 308 тонна расталды. Ұлытау облысында ӘКК мәлімдеген 1,8 мың тоннаның 827 тоннасы бар. Батыс Қазақстан облысында мәлімделген 2,3 мың тоннадан 1,3 мың тонна расталды.
Анықталған бұзушылықтар негізінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоп қорларына тиісті бақылауды ұйымдастыра алмаған облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялады.
Серік Жұманғарин Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті: асыл тұқымды малды әкетуге тыйым салынды, картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектелді, импортталған тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салынды. Бірақ аймақтық билік тарапынан тиісті бақылау болмаса, қабылданған шаралардың нәтижесі қажетті әсер бермейді.
Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанға Пәкістан мен Қытайдан қолжетімді бағамен импорттық картопты белсенді жеткізу жүзеге асырылуда. СИМ Сауда комитетінің көмегімен уәкілетті экономикалық оператор KTZ EХPRESS арқылы елге 4 мың тоннадан астам импортталды, жуырда – тағы 700 тонна әкелінеді.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін өзара іс-қимыл схемасын әзірледі. Ол өндірушілерді жеткізуді және қаржылық қолдауды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен Азық-түлік корпорациясы арасындағы өзара іс-қимылды қарастырады.
Сауда және интеграция министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының орташа индексі 0,2%-ды құрады.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жыл басынан бері әлеуметтік өнімдер бағасының орташа өсу индексі 3,4%-ды құрағанын, бұл ретте наурыз айының басынан бері өсу серпіні 0,4%-ға баяулағанын атап өтті. Жыл басынан бері бағаның ең үлкен өсуі картоп (+19,3%), қырыққабат (+23,2%) және сиыр етінде (+9%) тіркелді. Сонымен қатар күріш (-3,4%), жұмыртқа (-2,1%) және ұн (-0,3%) бағасының төмендеуі байқалады.
«Бағаның ең жоғары өсуі Ақтөбе облысында (+0,8%), Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында (+0,5%), Жетісуда (+0,4%) тіркелді. Сонымен қатар, баға индексінің төмендеуі Астанада (-0,2%) және Батыс Қазақстан облысында (-0,1%) байқалды», - деп атап өтті Айжан Бижанова.