Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу жүйесін іске қосты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп «ХҚКО 2.0» бірыңғай цифрлық платформасы шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу жүйесін құру жөніндегі жобаны іске қосты. Ақпараттық жүйені іске қосу ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу рәсімін жеңілдетуге, сондай-ақ аграрийлер үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Машиналарды бастапқы тіркеу бойынша негізгі қызметтің пилоттық іске қосылуы 2024 жылғы тамызда Алматы мен Қостанайда өтті. Жүйенің мүмкіндіктері, оның ішінде көрсетілетін қызметті алушылар үшін әлеуметтік жеңілдіктерді ескере отырып, электрондық кезек арқылы өтінімдерді қабылдау, орталықтандырылған деректер қоры арқылы құжаттар мен техника туралы деректерді тексеру, цифрлық тіркеу құжаттарын беру бойынша сынақтан өткізілді.

2025 жылдың екінші тоқсанынан бастап ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер ХҚКО арқылы көрсетілетін болады. Қызметтер тізбесіне техниканы тіркеу және қайта тіркеу, тракторшы-машинист куәліктерін беру, кепілдерді мемлекеттік тіркеу және техникалық байқау жүргізу кіреді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, «ХҚКО 2.0» АЖ-дегі ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу жүйесі мемлекеттік қызмет көрсету уақытын қысқартуға, деректерді өңдеу кезінде қателерді азайтуға және ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу мен тіркеу үшін бірыңғай цифрлық кеңістік құруға мүмкіндік береді.

«Қызмет көрсетудің цифрлық форматы Қазақстанның ауыл шаруашылығын жаңғырту мен цифрландыруға жасалған маңызды қадам болып табылады, бұл ұзақ мерзімді келешекте өнімділікті жақсартуға және аграрийлерді күнделікті қызметінде қолдауға ықпал ететін болады», - деп атап өтті вице-министр.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.