Ресей жыл соңына дейін астыққа экспорттық баждарды нөлдік деңгейге дейін төмендетеді

Ресей 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін астыққа экспорттық баждарды нөлдік деңгейге дейін төмендетеді, сондай-ақ күнбағыс майы мен күнжарасына салынатын баж мөлшерлемелерін тамыз айындағы деңгейде бекітеді. Бұл туралы елдің Экономикалық даму министрлігі хабарлады. Бұған дейін Қара және Азов теңіздерінің порттарына жасалған шабуылдарға байланысты өнімді экспорттауда қиындықтарға тап болған астық өндірушілер мен экспорттаушылар баждарды жою туралы өтініш білдірген болатын.

«Логистиканы қайта құру қажеттілігіне байланысты, Ресейдің Экономикалық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің астық дақылдарына қатысты «өзгермелі» экспорттық баж салығын қолдану арқылы бағаны тұрақтандыру тетігін уақытша тоқтата тұру туралы бастамасы қолдау тапты. 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін баж салығының мөлшерлемесін нөлдік деңгейге дейін төмендету жоспарлануда. Күнбағыс майы мен күнжарасына қатысты бағаны тұрақтандыру тетігі бойынша «өзгермелі» экспорттық баж салығын 2026 жылдың тамыз айына белгіленген деңгейде (майдың бір тоннасына 7748 рубль және күнжараның бір тоннасына 312 рубль) шектеу туралы шешім мақұлданды», — деп хабарлады Экономикалық даму министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шешімді Экономикалық даму және интеграция жөніндегі үкіметтік комиссияның Сыртқы саудадағы кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу және қорғау шаралары жөніндегі кіші комиссиясы қолдады. Осыған қатысты қаулы жобасы жақын арада үкіметтің қарауына енгізіледі.

«Бұл шаралар астық және майлы дақылдарды өндірушілер мен экспорттаушыларды, өнімді экспорттау кезінде қиындықтарға тап болған май өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді», -  деп түсіндірді экономикалық даму министрінің орынбасары Владимир Ильичев.

Ресейде бидай, арпа және жүгеріге экспорттық баждар индикативті экспорттық бағаларға сүйене отырып, апта сайын өзгеріп отырады. Ағымдағы аптада, атап айтқанда, бидайға экспорттық баж тоннасына 787,5 рубльді құрайды.

«Совэкон» консалтингтік компаниясының басшысы Андрей Сизовтың пікірінше, экспорттық баждың уақытша нөлденуі жақын арада ауыл шаруашылығы өндірушілеріне айтарлықтай әсер етпейді, керісінше көп ақша таба алатын экспорттаушыларға қолдау көрсетеді. Бүкіл нарық үшін әсер ұзақ мерзімді келешекте баждар жойылған жағдайда сезілуі мүмкін.

Экспорттаушылар Азов-Қара теңіз бассейнінен Ресейдің Балтық порттары немесе Балтық жағалауы елдері сияқты басқа бағыттарға айтарлықтай астық ағындарын қайта бағыттай алмайды.

«Жаңа портты немесе терминалды бір күнде ашу мүмкін емес. Алдағы айда Ресей мен Балтық жағалауы елдеріндегі солтүстік-батыс порттарына бағытталған жүк тасымалының көлемі айына небәрі бірнеше жүз мың тоннаға ғана артуы мүмкін. Қолда бар қуаттылықтың шегі осы ғана. Салыстырмалы түрде айтсақ, Азов-Қара теңіз бассейні айына 5 млн тоннадан астам жүкті қабылдай алады. Меніңше, Ауыл шаруашылығы министрлігінің күш-жігері бір ғана мәселеге – экспорттық баж салығын алып тастауға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті Андрей Сизов.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.