Қазақстанда ең қымбат бұқалар қай жерде сатылады

2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары мал сатып алуға жеңілдетілген несие беруді көздейді. Фермерлер отандық асыл тұқымды шаруашылықтардан мал сатып алу үшін қанша қаражат жұмсайды?

 

Ангус тұқымы

Ангус республикалық палатасының қазан айындағы сату жоспарына сәйкес, 1-санатты бұқалардың бағасы 1,1 млн-нан 1,8 млн теңгеге дейін жетеді. Ел бойынша орташа бағасы – 1,5 млн теңге. Бұл мал селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарға пайдаланылады. 1-санатты бұқалардың ең қымбаты «Атамекен-Агро Шұқыркөл» және «Атамекен-Агро Тимирязево» ЖШС-де ұсынылған – салмағы 500 келіден асатын бір бас малдың бағасы 1,8 млн теңге.

Тауарлық табында пайдалану үшін 2-санатты бұқаларды да сатып алуға болады. Олардың бағасы бір басына шамамен 1 млн теңге.

Ангус тұқымының қашарлары орта есеппен 900 мың теңгеден сатылуда.

Мал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бар. Қазан айында сатылымға барлығы 1-санатты 270 бұқа, 2-санатты 468 бұқа, 445 қашар және 70 бұзау шығарылған.

 

Қазақ ақбас тұқымы

Қазақ ақбас тұқымының асыл тұқымды малы да шамамен осындай бағамен сатылып жатыр. Qazaq Aqbas республикалық палатасының қазан айындағы сату жоспарына сәйкес, 1-санатты бұқалардың бағасы жасына және салмағына қарай 800 мыңнан 1,7 млн теңгеге дейін жетеді. Ең қымбат элиталық асыл тұқымды бұқалар Ақмола облысындағы «Новобратское и К» ЖШС-де ұсынылған – салмағы 500 келі, жасы 19–21 айлық бір бас малдың бағасы 1,7 млн теңге. Сондай-ақ Абай облысындағы «Даурен» шаруа қожалығының бұқалары жоғары бағаланады – салмағы 400 келі, жасы 14 айлық бір бас малдың бағасы 1,6 млн теңге.

2-санатты бұқалардың бағасы 550 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін. Қашарлардың орташа бағасы – 600–900 мың теңге.

Qazaq Aqbas малының сатылым географиясы кең және Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. 1 қазандағы жағдай бойынша сатылымға 3 135 бас мал қойылған.

 

Герефорд тұқымы

Герефорд тұқымының республикалық палатасының сату жоспарына сәйкес, осы тұқымның 1-санатты жас бұқалары орта есеппен 750 мың теңгеден, ал 2-санатты бұқалары 500 мың теңгеден сатылған. Олардың жасы 15–16 ай, салмағы 300–350 келі. Ең қымбат 1-санатты бұқалар Ақтөбе облысындағы «Интер-Агро» ЖШС-де ұсынылған – жасы 12–15 ай, салмағы 400–450 келі болатын бір бас малдың бағасы 800 мың теңге.

Ақтөбе, Абай, Ұлытау, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында барлығы 1 325 бас герефорд тұқымы сатылымға шығарылды.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.