БҚО өңірі Маңғыстау облысына мал азығын дайындауға көмектеседі
Батыс Қазақстан аймағына Маңғыстау облысынан келген өкілдер АӨК саласында көмек көрсету шарасын талқылайтын болады. Фермерлермен бірқатар кездесу өткізгеннен кейін Орал қаласында БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың келіссөздері өтті, аталған жиналыстың қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жасалған келісім шарт бойынша Маңғыстау облысының шаруашылықтарына азық дайындау мақсатында қолданыстағы заңнама аясында БҚО аудандарының мемлекеттік жер қорынан жер бөлінетін болады. Бұдан басқа, тараптар азық-түлік белдеуін құру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстар арасында өнімдерді тасымалдау, сауданы дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және сатуға жәрдемдесу жұмыстарын ұйымдастыратын болады.
«Біз Маңғыстау облысындағы жағдайдың қиын екендігі жайлы, құрғақшылық пен мал азығының жетіспеушілігі туралы білеміз. Осыған байланысты, біз өзара байланыс орнатып, ынтымақтастығымызды дамытуға және өңірдегі шаруашылықтарды қыстауға қажетті азық қорын дайындауда барынша көмек көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті Бақытжан Нарымбетов.
Тақырыпқа байланысты оқу: Үкімет Маңғыстау облысының еңбеккерлеріне тағы да көмектеседі
Қол қойылған меморандумда Қаратөбе ауданының мемлекеттік жер қорынан 30 мың га жайылымдық жер беру қарастырылған, сонымен қатар, өңір шаруашылықтары қолдау ретінде 1000 шөп орамы мен 25 тонна жемшөпті беру қарастырылуда және бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.
Ғалымжан Ниязов атап өткендей, Маңғыстау облысының азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуде БҚО тарапынан жасалатын қолдау айтарлықтай көмек болады.
Баспасөз қызметінен атап өткендей, Орал маңы мал шаруашылығы дамыған аймақтардың бірі. Бүгінгі күні облыста 754 мың бас ІҚМ, 1467 мың бас ҰҚМ, 253 мың бас жылқы, 2,5 мың бас түйе және 1638 мың бас құс тіркелген. 2021-2022 жылдың қыз мезгіліне өңірде 924 мың бас малға арналып 1826 мың тонна шөп дайындау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, ресми мәліметтерге сәйкес, Маңғыстау облысында құрғақшылық салдарынан 1147 бас мал қырылған. Бұдан басқа, жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығы малдарына арналған жем-шөп мәселесі күрделене түсті.