Астанада агробизнес үшін халықаралық алаң қалай құрылуда

Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік көрме – KazAgroFarm-2026 21-23 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Халықаралық сараптамалық алаң қалай қалыптасып жатқанын, оның маңызын неге тек қатысушылар санымен өлшеуге болмайтынын, көрменің қазақстандық фермерлер үшін қандай рөл атқаратынын және халықаралық бизнес неліктен Астананы таңдайтынын ExpoGroup халықаралық көрме компаниясының директоры әрі жобаның авторы Шолпан Қожабаевамен талқыладық.

– KazAgroFarm Орталық Азиядағы ең ірі аграрлық көрме деп аталады. Мұндай деңгейге қалай қол жеткіздіңіздер?

– Ең алдымен, көрменің мазмұны мен сапасын үнемі жетілдірудің арқасында. KazAgroFarm – бизнес өкілдері, нақты шешімдер мен сұраныс тоғысатын, іскерлік байланыстар орнатылып, келісімшарттар жасалатын халықаралық жұмыс алаңы. Көпжылдық қажырлы еңбектің нәтижесінде көрме халықаралық аграрлық қауымдастықта да, әлемдік көрме индустриясында да тұрақты беделге ие болды.

– KazAgroFarm көрмесіне қатысатын елдер мен халықаралық делегациялар құрамы қалай қалыптасады? Шетелдік мемлекеттер мен делегацияларды қатысуға не ынталандырады?

– Биыл KazAgroFarm көрмесіне 25-тен астам елден шамамен 350 компания қатысады. Халықаралық құрамды қалыптастыру оңай емес: екі тараптың да мүддесін ескеру маңызды. Қазақстанмен белсенді жұмыс істеп жүрген елдер мен компаниялар бар. Сонымен қатар отандық алаңға әлі шықпаған жаңа нарықтар да бар. Өз кезегінде Қазақстан да белгілі бір елдермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Бұл ретте, ең алдымен, отандық аграрлық сектордың қажеттіліктері ескеріледі. Көрменің халықаралық мәртебесін қатысушылар құрамы ғана емес, шетелдік делегациялардың деңгейі де айқындайды. Биыл Ливия мен Чехияның ауыл шаруашылығы министрлері, Иранның ауыл шаруашылығы вице-министрі, сондай-ақ Германия, Канада, Нидерланд, Испания, Қытай және басқа елдерден сарапшылар делегацияларының қатысуы күтілуде. Олар KazAgroFarm көрмесін кәсіби байланыс орнатуға арналған жұмыс алаңы ретінде бағалап, арнайы мақсатпен келеді. Бүгінде көрме халықаралық іскерлік және салалық диалог алаңына айналды.

– Егер мемлекет туралы айтатын болсақ: бейінді ведомстволар тарапынан көрмеге қаржылық қолдау көрсетіле ме?

– Егер қаржылай қолдауды айтып отырсаңыз, мұндай қолдау ешқашан болған емес! KazAgroFarm – ExpoGroup компаниясы өз күшімен ұйымдастыратын коммерциялық жоба. Сонымен қатар көрменің маңызы аграрлық сектормен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанда туризм мен жалпы іскерлік белсенділіктің дамуына да ықпал етеді. Аграршылар мен компания өкілдері Қазақстанға көрменің үш күніне ғана келмейді. Көпшілігі сапарын алдын ала жоспарлап, шаруашылықтарға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына және басқа да нысандарға барады. Кәсіби келушіні қызықтыратын барлық нысанды бірнеше күн ішінде аралап шығу мүмкін емес. Сондықтан көрме ұзаққа созылатын іскерлік сапардың шарықтау шегіне айналады. Бұл тек Астанаға қатысты емес. Қазақстанның солтүстігінде, оңтүстігінде, батысы мен шығысында аграрлық сектор жақсы дамыған. Сондықтан халықаралық қонақтар мен қатысушылар еліміздің экономикасымен және аграрлық саласымен кең көлемде танысып, өзара байланыс орнатады.

– Көрменің маңызын тек қатысушы компаниялардың санымен бағалауға бола ма?

– Мен үшін көрменің құндылығы ешқашан тек компаниялар санымен өлшенген емес. Кейде мақсатқа жету үшін бір компанияның қатысуы жеткілікті болса, кей жағдайда ұжымдық немесе тұтас ел атынан қатысу қажет болады. Ең бастысы – нәтиже. Бір қатысушыға жаңа серіктес керек, екіншісі жаңа нарыққа шығуды көздейді, үшіншісі технология немесе нақты келісімшарт іздейді. Тәжірибе көрсеткендей, шешім қабылдайтын тұлғаларға тиімді әрі қолайлы жұмыс жағдайы қажет. Бұл – халықаралық көрме индустриясының негізгі қағидаларының бірі. Әлемдік стандарттарды сақтау қатысушылардың еркін пікір алмасуына, жобаларды талқылауына және шешім қабылдауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушының міндеті де осында: бизнестің бизнеспен байланысуына, өндірушінің нақты тапсырыс берушімен кездесуіне және аграрлық сектордың қажетті шешімдерге қол жеткізуіне жағдай жасау. Көрменің үш күні толыққанды келіссөздер жүргізуге, ұсыныстарды салыстыруға, жобаларды талқылауға және байыпты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

– Келушілер тұрғысынан алғанда, KazAgroFarm-2026 көрмесі фермерлерге қандай пайда әкеледі?

– ExpoGroup халықаралық көрмені қазақстандық фермер үшін өз елімізде ұйымдастырады. Осылайша, фермер заманауи технологиялармен және өндірушілермен танысу үшін шетелге барып, уақыт пен қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр болмайды. KazAgroFarm көрмесінде фермер топырақ өңдеу мен егіс жұмыстарынан бастап, егін жинау, сақтау және қайта өңдеуге дейінгі түрлі бағыттағы шешімдерді көре алады. Сондай-ақ мал шаруашылығы, жемшөп дайындау, суару, цифрландыру және автоматтандыру технологияларымен танысады. Ең бастысы – өндірушілермен, жеткізушілермен және осындай шешімдерді тәжірибеде қолданып жүрген аграршылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Фермер технологияларды салыстырып, мамандарға сұрақ қойып, нақты өз шаруашылығына қайсысы тиімді екенін анықтай алады. Сонымен қатар көрме аясында сарапшылар мен тәжірибелі мамандар қатысатын іскерлік бағдарлама өтеді. Осылайша, келушілер экспозицияны тамашалап қана қоймай, пайдалы байланыстар орнатып, жаңа білім алып, шаруашылығын дамытуға қажетті шешімдер қабылдай алады.

– Биыл KazAgroFarm-да Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Неліктен бұл оқиға сіз үшін маңызды?

– Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы мерейтойларын дәстүрлі түрде KazAgroFarm көрмесінде аталып өтетіні мені ерекше қуантады. Тұқымның 70 жылдық мерейтойы да осы көрмеде атап өтілген болатын, ал биыл 75 жылдығы тойланады. Мен үшін бұл – салалық ірі оқиғалардың көрменің ажырамас бөлігіне айналғанының көрсеткіші. Көптеген қатысушылар маңызды іс-шараларын дәл KazAgroFarm аясында өткізуді жоспарлайды. Ұйымдастырушы ретінде мен мұны мақтан тұтамын! Биыл көрмеге қазақтың ақбас тұқымын өсірушілер мен мал шаруашылығы өкілдерінен құралған үлкен делегация келеді. Олардың мерейтойлық іс-шараға қатысып қана қоймай, көрмеде ұсынылған жаңалықтармен танысуға, салаға арналған заманауи шешімдерді көруге және өндірушілермен пікір алмасуға мүмкіндік алатынына қуаныштымын.

– Айтылғандардың бәрін қорытындыласақ, KazAgroFarm көрмесінің басты рөлі неде?

– Мен оның басты рөлін өз тиімділігін дәлелдеген, нақты жұмыс істейтін халықаралық алаң ретінде көремін. Мұнда қазақстандық және халықаралық бизнес өкілдері, өндірушілер мен фермерлер, технологиялар мен нақты сұраныс тоғысады. ExpoGroup Қазақстанда, ең алдымен, фермерлерге арналған халықаралық деңгейдегі көрмені ұйымдастырады. Бұл – қазақстандық аграрлық секторды әлемдік технологиялармен және халықаралық өндірушілермен өз елімізде таныстыру мүмкіндігі. Ол үшін шетелге барып, уақыт пен ресурстар жұмсаудың қажеті жоқ. Бір компания үшін нәтиже жаңа серіктес табу болса, екіншісі келісімшарт жасайды, үшіншісі жаңа нарыққа шығады немесе заманауи технологияны меңгереді. Ал Қазақстанның аграрлық секторы үшін бұл – халықаралық кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік. KazAgroFarm – жай ғана өткізіле салатын іс-шара емес. Бұл – бизнес пен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына нақты мүмкіндіктер беретін, нәтижеге бағытталған халықаралық алаң.

Серік Рахметов

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.