Ғалымдар өнім шығымдылығын сақтауға көмектесті
Түркістан облысы Ақсукент қаласында орналасқан «Манкент» шипажайы аумағында көкөніс пен жеміс өсіру жобасына Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінің мамандары қолдау көрсетуде.
Агрономиялық қолдауды ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы кафедрасының доценті Арысгүл Тұрбекова басқарады.
Ғалымдар мен шипажайдың ынтымақтастығы 2019 жылдың ақпан айында басталды. Аз уақыт ішінде мамандар біршама жұмыстарды еңсерді, атап айтқанда, өсімдіктердің тиімді қорғалу жұмыстарын жүргізуге ат салысып, жоғары шығымдылықты қамтамасыз етті.
Тақырып бойынша оқыңыз: ҚазАТУ ғалымдары егін өнімін қалай шығындамау керектігін айтты
- «Манкент» шипажайы өзінің қосалқы шаруашылығын сақтап қалған бірден-бір мекеме. Естеріңізде болса, мұндай шаруашылықтар кезінде барлығында, тіпті фабрикалар мен зауыттарда да болған. Шипажайдың алдында демалушыларды дәмді, құнарлы тамақтандыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Әлі күнге дейін шипажай рационының 95% өз күшімен жауып отыр. Цитрустық дақылдардан басқа дақылдардың бәрі өсіріледі. Қытайдың жеміс-жидектерін сатып алып шаршамайды, бәрі өздерінікі, жергілікті, химиялық қоспаларсыз табиғи таза, - деп шипажайдағы жағдайды Арысгүл Тұрбекова әңгімелеп берді.
Бүгінде 3 га көкөніс алқабына, 7 га алма бағына ие болып отыр, тіпті дәнді дақылдар да өсіреді. Мұның барлығы шипажайға өз бақшасынан жаңа піскен көкөністерден салаттар дайындап қана қоймай, өзіндік наубайханасында нанның бірнеше түрлерін пісіруге мүмкіндік береді. Онымен қоймай, кішкентай жүзімдіктің арқасында жүзім кептіріп, өз шарабын шығарады.
Айтпақшы, шипажайға келушілерге осы алқаптар бойынша экскурсиялар жасалады, таныстырылады. Мұны экологиялық туризмнің бір түрі десе де болады.
Тақырып бойынша оқыңыз: ҚазАТУ-да агроменеджердің электрондық көмекшісі жасалды
«Манкентте» осы шаруашылықтың барлығын бригадасы10 адамнан тұратын сауатты агроном қадағалайды. Алайда, ғалымдардың көмегі талап етілетін өзіндік түйткілдер туындап тұрады. Мәселен, төрт жыл қатарынан қызанақ егістіктерінен лайықты өнім алынбаған, жеміс бастапқы даму сатысында жетілмей қалып отырған.
- Зерттеу жүргізіп, көбіне алғашқы жемістер шалдығатын төбе шірігіне ұқсас қызанақ жемістерінің зақымдануын анықтадық, - деп түсіндірді Арысгүл Тұрбекова. – Қоздырғышты анықтап, ем жүргіздік. Биылғы жылы қызанақ өнімі керемет болды.
ҚазАТУ ғалымдары «Манкент» шипажайының қосалқы шаруашылығына ауыспалы егісті құрудан бастап, технологиялық картаны және өсімдіктерді қорғау жүйесін дайындауға дейін толық агротехникалық қолдау көрсетті. Жұмыстардың кезең-кезеңмен жоспарлануы, ұсыныстарды орындалуы дақылдардың барлығынан жақсы өнім алуға мүмкіндік берді.
Тақырып бойынша оқыңыз: ҚазАТУ ғалымдары фермерлерге сүттің жартысын үнемдеуге көмектеседі
- Ал 7 гектар алма бақшасында өсіп жатқан күздік сұрыптарды төкпей-шашпай жинап алу керек, - деді Арысгүл Тұрбекова. – Өнімнің жақсы болатынын көріп отырмыз.
ҚазАТУ-дың өзі үшін мұндай жобаға қатысу жақсы тәжірибеге айналды, ол енді басқа шипажайларда осындай жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Ниет білдіргендер бар.