Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 52 өндіріс іске қосылады

Ағымдағы жылы Қазақстанда өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 29 жобаны және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 23 жобаны қоса алғанда, 114 млрд теңге сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 52 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы ведомство алқасы отырысының қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде 31,8 млрд теңге сомасына 14 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарлануда, ал қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін 48,5 млрд теңге сомасына 76 жоба қаралуда.

"Мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу тері мен жүнді қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізаттың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, тері мен жүнді қайта өңдеу несиелерге кепілдік беруді субсидиялау бағыттарының тізбесіне енгізілетін болады", - деп атап өтті АШМ.

Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, қант зауыттарын салу және жаңғырту кезінде өтемақы үлесін 25%-дан 40%-ға дейін арттыратын инвестициялық субсидиялар қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту үшін қосымша ынталандыру жасайды.

Азық-түлік өндірісінің 4,5%-ға және сусындар өндірісінің 2,5%-ға өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу мақсатында өндіріс динамикасына ай сайынғы мониторинг жүргізілетін кемінде 10 ірі кәсіпорын айқындалатын болады.

"Ауыл шаруашылығы өнімінің қосылған құнын ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі шаралар 2025 жылы өндіріс көлемін 4,5%-ға ұлғайта отырып, Экономикалық өсу жоспарында айқындалған. Барлық өңірлер осы бағыт бойынша жұмысты жандандыруы қажет. АӨК инвестицияларының үлкен үлесін қамтамасыз ететін отандық инвесторлардың жобаларын сүйемелдеуге ерекше назар аудару қажет. Осы шаралардың барлығы саладағы еңбек өнімділігін арттыруға, АӨК-тегі қайта өңдеу үлесін 50%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

АШМ деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 2,9%-ға ұлғайып, 3,2 трлн теңгені құрады. АӨК өнімінің экспорты 5,1 млрд долларды құрады, бұл ретте өңделген өнімнің үлесі 52%-ға жетті. Өсімдік майлары өндірісінің өсуі 12,1%, крахмал өнімдері - 58% құрады. Сондай-ақ қант қызылшасынан қант өндірісі 62%-ға өсті.

Сары май өндірісінде оң динамика 4,7% байқалады. Ағымдағы жылы ет өңдеу үлесін 50%-ға, сүтті - 65%-ға, күнбағысты - 89%-ға, қарақұмықты - 59%-ға, күрішті - 82%-ға, жүгеріні - 13,1%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.