Мәжіліс әлеуметтік өнімдерге 15%-дық сауда бағасын бекітті

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстеме бағасын шектеуді қарастырады.

 «Ішкі сауда субъектілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер бағасының 15% - ға дейін сатуы кезінде сауда үстемесін шектеу бойынша нормалар енгізілді. Бұл талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік заң жобасын талқылау барысында қарастырылған», — деп хабарлады Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова.

Сонымен қатар, аталған құжатта нарық әкімшілерінің сатушыларды азық-түлік тауарларының шекті бағалары туралы хабардар ету міндетін қарастырады.

Депутаттар бұл нормалар әлеуметтік маңызы бар өнімдер: ұн, жарма, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұз – барлығы 19 позиция бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді деп санайды.

Жалпы, бүгін мақұлданған заң жобасы уәкілетті органның жанында жұмыс істейтін шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді. Сондай-ақ, құжатта сатушылардың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды айналымнан алып тастау және тиісті мемлекеттік органдар мен тұтынушыларды өмірге, денсаулыққа, мүлікке және қоршаған ортаға қауіп тигізу туралы уақтылы хабардар ету міндеті көзделген. Бұдан басқа, заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді және өзін-өзі реттейтін ұйымдарды тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу мәселелеріне белсенді түрде реттеуге бағытталған.

Заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберілді.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.