АШМ өңдеуге жіберілген майлы дақылдарға субсидия беретін болады

Ауыл шаруашылығы министрлігі майлы дақылдарға субсидия беруді енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Egov.kz порталы пайдаланушысына берген жауабында АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің директоры міндетін атқарушы Зульфира Баширова хабарлады.

Порталда «K-OIL» ЖШС-ның отандық өндірушілер атынан сауал жолдаған, онда кәсіпорын тазартылмаған күнбағыс майының  тұқымдарын экспорттауға тыйым салу туралы өтінішін айтқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында Қазақстан Республикасы майлы дақылдар өндірушілерін өз өнімдерін отандық зауыттарға тапсыруға ынталандыру шаралары жасалып жатқандығы айтылды.

«Сіздерге 2020 жылға дейін экономикалық өсуді қалпына келтірудің Кешенді жоспарын іске асыру аясында министрліктің өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету үшін өңдеуге жіберілген майлы дақылдарды субсидиялау шараларын енгізу туралы хабарлаймыз. Бұл шара өндірушілерді өз өнімдерін отандық зауыттарға тапсыруға ынталандырады», - деп жауап берді З.Баширова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасы бойынша, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 16 маусымдағы шешіміне сәйкес, «Күнбағыс тұқымы» атты жаңа тармақ ЕАЭО кедендік аумағына әкелуге және (немесе) ЕАЭО кедендік аумағынан әкетуге рұқсат беру рәсімі белгіленген тауарлар тізіміне енгізілгенін ескертті. Экспортқа рұқсат беру рәсімі 2020 жылдың 31 тамызына дейін жүргізілетін болады.

Осылайша, биылғы жылдың шілде-тамыз айларында күнбағыс тұқымын Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге әкетуге рұқсат беру рәсімі қолданылады. Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі рұқсат беру тәсілін келісу бойынша жұмыстар жүргізуде.

«Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде майлы дақылдар сатып алуды жүзеге асыруда, олар нарықты тұрақтандыру үшін қажет болған жағдайда елдің ішкі нарығына сатылатын болады», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

 

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.