Есімов ҚХР шекарасында жүк вагондарының тұрып қалу мәселесіне араласты

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов CITIC Group корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжу Хэсиньге шекарада өте алмай тұрған жүк вагондарының мәселесін шешуге көмектесу туралы өтініш айтып жүгінді. Ахметжан Есімов пен Чжу Хэсинь Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің (ҚҚІК) теңтөрағалары екенін ескертеміз.

«Бұл мәселе біз басқаратын Іскерлік кеңестің сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды миссиясының бірі деп ойлаймын, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай экономикалары үшін жүк тасымалын әсіресе эпидемиологиялық шектеулерден кейін кедергісіз дамыту қажет,сізден сұрайтынымыз кеңестің тең төрағасы ретінде бұл мәселені ҚХР-дың құзыретті органдарымен шешуге көмектессеңіз», - деп жазылды «Самұрық-Қазына» басшысының хатында.

Ахметжан Есімовтің хабарлауынша, 2020 жылы Қазақстандағы ҚХР-дың уәкілетті органдары салған карантиндік шектеулерге байланысты, мемлекеттік шекарада 200-ден астам пойыздың қозғалысы тоқтап, күтіп тұр.

«16 қарашадан бастап жабық вагондардағы жүк қабылданбайды. Бүгінгі күні 2 000-нан астам вагон үш айдан астам уақыт қозғалмай тұр, негізінен азық-түлік жүктері (бидай, арпа, ұн, зығыр тұқымдары және басқалары) тиелген вагондар өте алмауда. Сонымен қатар, Алашанькоу мен Қорғас станцияларында азық-түлік жүктері де бар 400-ден астам жабық вагон жүкпен күтіп тұр. Қытайлық тұтынушыларға арналған бұл вагондарды алушылар ақшасын төлеген, алайда тиелген өнімдердің бұзылып кетуі мүмкін, бұл екі жақтың да бизнесі үшін қаржылық шығындарға әкеліп соғады», - деп көрсетілген хатта.

Тақырыпқа байланысты оқуҚытай шекарада Қазақстаннан келетін жүктерді жібермей тоқтатып тұр

Сондай-ақ, ҚҚІК тең төрағасы қазіргі жағдайдың салдарынан ҚТЖ ұлттық компаниясы ҚХР-да жүктерді межелі жерге тасымалдауға тыйым салуға мәжбүр болғанын атап өтті. Транзиттік және экспорттық жеткізілімге тағы да бір тыйым 1 наурызда енгізілді.

2020 жыл бойына Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасында әртүрлі деңгейдегі, үкіметаралық кеңестер мен бірқатар келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан жүк пойыздарын Қытайға тасымалдау санын біртіндеп арттыру туралы келісім жасалды. Алайда пойыздардың өтуі жоспарланған саннан әлі де болса аз.

«Мысалы, желтоқсан-қаңтар айларында 26 пойызды жоспар бойынша қабылдау керек еді, оның орнына 17-18 пойыз ғана өтті. Ақпан айында жағдай сәл жақсарды, бірақ бәрібір жоспарланған көрсеткіштер 25% -дан артық орындалмады», - деп еске алды Ахметжан Есімов.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.