Түркістан облысы биыл алмадан рекордтық өнім жинайды

Түркістан облысы Түлкібас ауданында жазғы алмаларды жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

ӨКҚ ақпараты бойынша, бүгінгі таңда аграршылар 535 тонна өнім жинап үлгерген. Жаппай күздік алма жинау қыркүйек айында басталады.

Мамандардың болжамы бойынша, биыл өңірде 30 мың тонна алма жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіледі. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты өнім көлемі 20 мың тоннаны құраған еді.

Ауданды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, Түлкібас бренді болған алма өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты алма бақтарының көлемін  760 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, жалпы ауданы 3355 га болады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.