Қарағанды ​​облысында жем өндіретін кәсіпорын ашылады

Қарағанды ​​облысында құны 30 млрд теңгені құрайтын балық және мал үшін жем өндіруге, өңдеуге арналған зауыт салу жоспарлануда. Жобаны кездесу барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев пен «VIRGIN SOIL KZ» ЖШС құрылтайшысы Андрей Найман талқылады, деп хабарлады Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің хабарламасы бойынша, өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1000 тоннаны құрайды. Аталған жоба «Сарыарқа» АЭА аумағында салынатын болады. Зауытты іске қосу 2022 жылға жоспарланған, құрылыс және пайдалану кезеңінде 500 жұмыс орны ашылады.

Министр құрама жемнің сапасы мен тиімділігіне назар аударуға шақырды.

«Балықтың өзіндік құнын есептеуде жұмсалатын жем шығындары бағаның 70% құрайды. Сондықтан құрама жемнің сапасы балық өсіруде маңызды да шешуші фактор болып табылады. Осыған байланысты сапалы жем-шөптің отандық өндірісін құру қажет, бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетеді, бизнестің қаржылық қиындығын азайтады», - деді Мағзұм Мирзағалиев.

Тақырыпқа байланысты оқуҚазақстанда балық шаруашылығына инвестсубсидия берілетін болады

Андрей Найманның айтуынша, құрылыс үшін кәсіпорын «Сарыарқа» ЕЭА-ның басқарушы компаниясымен меморандумға қол қойған. Зауыт салу үшін 25 гектар жер учаскесі бөлінді.

«Өндіріс израильдік және халықаралық ғалымдардың гидропоникалық агрономия саласындағы тәжірибесіне негізделіп жұмыс істейтін болады. Өндірілген жем 100% «табиғи» жем болады», - деп атап айтты инвестор.

Кездесу қорытындысы бойынша Экология министрлігінің басшысы Балық комитетінің төрағасына аталған жобаның барысын бақылауға алуды және жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Еске сала кетсек, министрлік Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Оның негізгі бағыттарының бірі - жем өндірісі міселесін шешу болатын.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.