АШМ: құрғақшылықтан аймақтардағы мал өлімі тоқтады

Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жем-шөптің жетіспеуінен, қатты құрғақшылықтың салдарынан малдың жаппай қырылуы мәселесі шешілді. Ауыл шаруашылығы малдары Маңғыстаудан басқа өңірлерге тасымалданды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған ведомствоның мәліметінше, Маңғыстау облысына басқа өңірлерден екі апта ішінде 13 мың түп және 92 орам шөп әкелінген. Қосымша Қостанай облысы апта сайын 5 вагоннан кебек жөнелтеді. Сонымен қатар, Ақтөбе және Атырау облыстары Маңғыстау фермерлеріне өз аумақтарындағы шөпті шауып алуларына мүмкіндік берді.

«Каспий» ӘКК 204 млн теңгеге шөп сатып алу үшін қаржы бөледі. Өз кезегінде Азық-түлік корпорациясы 637 тонна арпаны 17% - ға төмендетілген бағамен сатты.

Сондай-ақ, Үкімет резервінен Маңғыстау облысының жеке қосалқы шаруашылықтары мен агроқұрылымдарына мал қыстату үшін жем сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінеді.

«Осы шаралардан басқа жазғы жайылымда мал жайылуға мүмкіндік бар Бейнеу және Қарақия аудандарына мал тасымалдануда. Сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағына жаз мезгілінде мал жаю үшін 2260 бас жылқы, 3 мың қой, 200 түйе және 1010 бас ІҚМ тасымалданды. Жалпы, Маңғыстау облысындағы жағдай тұрақтанды, мал өлімі тоқтады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

 Тақырыпқа байланысты оқуМаңғыстау аймағына Азық-түлік корпорациясы 600 тонна арпа жөнелтті

Сонымен қатар, Қызылорда облысының Арал ауданына жоңышқа жеткізу ұйымдастырылды. Мұнда мың тоннадан астам шөп және 40 тонна концентрацияланған жем әкелінді. Азық-түлік корпорациясы арқылы 600 тонна арпа сатып алу туралы келісім-шарт жасалды. 10-15% арзандатылған мал азығын сату үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Сонымен қатар, жем-шөп құнын субсидиялауға жергілікті бюджет есебінен 3,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қызылорда облысының Арал ауданындағы жағдай тұрақтанды, мал өлімі фактілері тіркелмеді.

Тақырыпқа байланысты оқуҚазақстанда мал азығы тапшы болуда

Ведомствода хабарлағандай, жем-шөппен қамтамасыз ету және жедел әрекет ету мәселелерін ұйымдастыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан Республикалық жедел штаб құрылғанын, оның құрамына облыстар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, Азық-түлік корпорациясы мен «Байтерек» холдингі ұйымдарының басшылары кіргенін атап өтті.

Облыс әкімдіктері алдағы уақытта ауыл шаруашылығы малдарына қыс мезгілінде  жем дайындау жоспарын талқылап, олардың орындалуына апта сайын мониторинг жүргізіп, жүзеге асырылуын ұйымдастырады.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.