Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Қазақстанда сиыр етінің бағасы қанша болуы керек?
Құрметті әріптестер, фермерлер, сала өкілдері және Қазақстан ауылының болашағына бейжай қарамайтын барша азаматтар!
Қазақстан Фермерлері қауымдастығы атынан бүгін аса өзекті мәселені көтергім келеді. Бұл – еліміздегі фермерлік шаруашылықтарды дамыту, олардың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі. Аталған тақырыпты баршаға түсінікті әрі нақты мысал арқылы, яғни сиыр етінің бағасы арқылы қарастыруды жөн санаймыз. Өйткені дәл осы көрсеткіш саладағы шынайы жағдайды, қордаланған түйткілдерді және алдағы кезеңде туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді айқын көрсетеді.
Қолда бар салыстырмалы деректерге сүйенсек, бүгінде Түркияда сиыр етінің бір келісі Қазақстанға қарағанда шамамен 6000 теңгеге қымбат, Қытайда – шамамен 2000 теңгеге, Өзбекстанда – шамамен 1500 теңгеге, Ресейде – шамамен 2000 теңгеге, Беларусьте – шамамен 550 теңгеге, ал Еуропадағы орташа бағамен салыстырғанда шамамен 6000 теңгеге жоғары. Бұл – көршілес және салыстыруға келетін көптеген елдерде сиыр етінің бағасы біздегіден жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Әрине, ішкі нарықта бағаны тұрақтандырудың себептері түсінікті. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру, ет өнімдерінің қолжетімділігін сақтау сияқты орынды мемлекеттік саясаттың көрінісі. Алайда осы тұста заңды сұрақ туындайды: мұндай баға саясатының нақты экономикалық жүктемесін кім көтеріп отыр?
Егер сиыр етінің бағасы ұзақ уақыт бойы экономикалық негізделген деңгейден төмен ұсталып отырса, ең алдымен оның салмағы фермерлерге түседі. Себебі мал өсіру – үздіксіз шығынды талап ететін сала. Жем-шөп, ветеринариялық қызметтер, техника, жанар-жағармай, электр энергиясы және еңбек ақы – мұның барлығы тұрақты қаржыны қажет етеді. Егер өнімнің сату бағасы осы шығындарды толық жаппай, тиісті рентабельділікті қамтамасыз етпесе, фермерлер өз еңбегінің әділ қайтарымын ала алмайды. Мұндай жағдайда шаруашылықтарды кеңейту, мал басын көбейту, жаңа жобаларға инвестиция салу ынтасы төмендейді.
Бұл мәселе тек баға шеңберімен шектелмейді. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе. 2024 жылы Қазақстанда ет пен ет өнімдерін жан басына шаққандағы орташа тұтыну жылына 82,57 килограмды құрады. 2025 жылы тірі салмақта 2 047,2 мың тонна мал мен құс өндірілді. Сонымен қатар, 2024 жылы еліміз 160,2 мың тонна ет импорттады, оның ішінде жаңа және мұздатылған сиыр еті шамамен 12,5 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіштер сұраныстың да, өндірістің де, импорттың да бар екенін көрсетеді. Алайда нарықтың негізгі тірегі – отандық фермер екені сөзсіз.
Осыған байланысты, сиыр етінің бағасы жасанды түрде төмендетілмеуі және әкімшілік жолмен ұзақ уақыт ұсталып тұрмауы тиіс. Баға – әділ, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы қажет. Әділ баға – бұл артықшылық емес, бұл фермерлік шаруашылықтарды сақтап қалудың негізгі шарты. Егер шаруашылықтар қысқара бастаса, бұл өз кезегінде тапшылыққа, импортқа тәуелділіктің артуына және болашақта бағаның одан әрі өсуіне алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Бұл сала тек фермадағы еңбек лайықты бағаланып, тұрақты табыс көзіне айналған жағдайда ғана дамиды. Егер фермерлер өз қызметкерлеріне бәсекеге қабілетті жалақы төлей алса, ауыл шаруашылығы жастар үшін тартымды салаға айналады. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың дамуына оң әсер етеді. Ал мұндай мүмкіндік тек өнім бағасы экономикалық шындыққа сай қалыптасқанда ғана пайда болады.
Осыған орай, қазіргі таңда теңгерімді және жүйелі тәсіл қажет. Халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Алайда азық-түлік қолжетімділігін қамтамасыз ету фермерлердің табысын шектеу арқылы жүзеге аспауы тиіс. Бұл бағытта атаулы әлеуметтік қолдау құралдарын, тиімді субсидиялау тетіктерін және саланың жалпы өнімділігін арттыру шараларын кеңінен қолдану қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырып келе жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жеңілдетілген несиелеу, «Кең Дала 2» бағдарламасы арқылы айналым қаражатын қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ ҚазАгроҚаржы арқылы техника мен жабдықтарды жаңарту бойынша тиімді құралдар енгізілген. Бұл – маңызды әрі қажетті қолдау шаралары. Дегенмен, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру үшін Қазақстан Фермерлері қауымдастығымен тығыз әрі жүйелі өзара іс-қимылды күшейту қажет деп санаймыз.
Салада бірқатар жүйелік мәселелер де сақталып отыр. Нарықтық қағидаттарға толық сәйкес келмейтін жекелеген шешімдер мен тәжірибелер әлі де кездеседі. Әсіресе, кейбір нарық қатысушыларына қатысты әкімшілік ықпалдың болуы – ашық бәсекелестікке кері әсер етуі мүмкін. Бұл мәселе жан-жақты әрі кәсіби талқылауды талап етеді.
Жеке тоқталуды қажет ететін маңызды бағыттардың бірі – экспортты дамыту. Ет экспорты – бұл тек өнімді сыртқы нарыққа шығару ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер, қосымша валюталық түсім, өңдеу саласының дамуы және сапа стандарттарының артуы. Бұл бағытта жүйелі және кәсіби тәсіл қажет. Яғни логистика, ветеринариялық талаптар және сыртқы нарықтардың ерекшеліктерін жетік білетін мамандардың қатысуымен нақты жұмыс жүргізілуі тиіс.
Жалпы алғанда, елімізде қуатты ет өнеркәсібін қалыптастыру үшін үш негізгі бағыт қатар жүзеге асырылуы қажет: ішкі өндірушіні қолдау, әділ баға саясатын қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті тиімді пайдалану.
Бүгінгі таңда таңдау айқын: не біз салаға адал әрі экономикалық негізделген қағидаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік береміз, не уақыт өте келе өз өндірісімізді, фермерлік шаруашылықтарды және кадрлық әлеуетті жоғалту қаупіне тап боламыз. Сондықтан шешімдер де салмақты әрі жауапты болуы тиіс: фермер үшін әділ баға, халық үшін қолжетімділік және елдің ет саласын стратегиялық тұрғыдан дамыту.
Қазақстан Фермерлері қауымдастығы Басқарма Төрағасының орынбасары