Қазақстан фермерлері 2026 жылы неден табыс табады?

Қазақстанның негізгі аграрлық өңірлерінде биылғы маусымдағы бидай жинау науқаны тамыз айының басында басталды. Яғни, әдеттегі мерзімнен екі-үш апта ерте. Сондықтан қыркүйек айының басында ел бойынша жиналған астықтың көлемі мен сапасына қатысты жалпы жағдай белгілі болды.

ElDala.kz командасы АгроКеруен Егін 2026 жобасы аясында Қазақстанның жеті облысындағы 10 шаруашылыққа барып, биылғы аграрлық маусымның қорытындыларын зерттеді. Фермерлер қанша астық жинады және одан қанша табыс таба алады?

Бейне форматындағы толық шолуды біздің youtube арнамыздан көріңіз:

 

Аптап ыстық пен қуаңшылық шығынға әкелді

Биылғы егін жинау науқанының ерте басталуына екі фактор себеп болды. Біріншіден, көктем ерте келіп, көптеген фермерлер егіс жұмыстарын мамыр айының басында бастады. Екіншіден, жазда егістіктер ұзақ уақыт бойы өте жоғары температура жағдайында қалды. Кей жерлерде ауа температурасы 40 градусқа дейін, ал кей өңірлерде одан да жоғары көтерілді. Соның салдарынан өсімдіктер даму кезеңдерін қалыпты ретпен өтпей, сүттеніп пісу кезеңінен бірден толық пісу кезеңіне өтіп кетті. Бұған қоса, бірқатар өңірлерде — Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Ақмола мен Қостанай облыстарының оңтүстік аудандарында ылғал тапшылығы байқалды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында вегетациялық кезеңде жауын-шашын мөлшері норманың шамамен 20%-ын ғана құрады.

Қалыптасқан ауа райы жағдайлары қандай салдарға әкелді?

Аптап ыстық пен қуаңшылық ең алдымен егін көлеміне кері әсер етті. Мұнда мәселе тек ылғал тапшылығында емес, жоғары температураның тозаңдану процесіне де кері әсер етуінде. Бұл егін жинау кезінде анық байқалды: нақты өнімділік сорттың әлеуетті өнімділігінен әлдеқайда төмен болды. Бұған масақтардың жоғарғы бөліктеріндегі дәндердің көбіне толыспауы себеп болды.

Агротехнологиясы жолға қойылған, тұқымға, тыңайтқышқа және өсімдіктерді қорғау құралдарына үнемдемейтін озық шаруашылықтардың өзінде өнімділік әдеттегі көрсеткіштерден екі-төрт есе төмен болды.

Сандарға келсек, ең көп зардап шеккен өңірлерде астық өнімділігі гектарына 5-7 центнерді құрады, ал қалыпты көрсеткіш 15-20 центнер шамасында.

Жауын-шашын салыстырмалы түрде жеткілікті болған Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстік аудандарында жағдай біршама жақсы. Мұнда да шығын болды, алайда фермерлер биылғы маусымдағы ауа райына байланысты өнімнің шамамен 20%-ға төмендегенін бағалап отыр. Соған қарамастан, гектарынан 20 центнер және одан жоғары өнім алынған шаруашылықтар да аз емес. (Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Баянды-СК» ЖШС биыл бидайдан гектарына 20 центнер өнім алды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 25 центнер болған).

Еске сала кетейік, ҚР АШМ мәліметінше, биыл Қазақстанда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі алқаптардың 70%-ы бастырылғаннан кейін гектарына 14,2 центнер деңгейінде қалып отыр.

 

Қазақстандық бидай ресейлік бидаймен бәсекеге қабілетті

Аптап ыстық пен құрғақ ауа райының екінші бір қыры — бидай сапасының жоғары болуы. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің сол деректеріне сүйенсек, биылғы өнімнің жартысы — hi-pro санатындағы астық, яғни оның құрамындағы желімше мөлшері 28% және одан жоғары. (Мысалы, Қостанай облысындағы «Айдала» ЖШС-да желімшесі рекордтық 38% болатын 1-сыныпты бидай жиналды).

Бидай өнімінің тағы төрттен бірі - сапалы азық-түліктік астыққа жатады. 4-сыныпты бидайдың үлесі — 18%, ал 5-сыныпты және санаттан тыс астық — 7%.

Өнім сапасының жоғары болуы таңғаларлық емес: ыстық әрі құрғақ ауа райында астықтың құрамындағы желімше мөлшері әдетте жоғары болады. Бұл фермерлер үшін тиімді. Жоғары сыныптың арқасында қазақстандық бидай қазір Орталық Азия нарығына белсенді жеткізіліп жатқан сапасы төмендеу ресейлік астықпен бәсекеге түсе алады. Ресей бидайы Қазақстанға да жеткізілер еді, алайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала алты айға импортқа тыйым салды. Бұл ішкі нарықты баға қысымынан қорғауға мүмкіндік берді.

Қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша қазақстандық бидайдың экспорттық бағасы (DAP Сарыағаш) 4-сыныпты бидай үшін тоннасына 240 доллар, қатарлы «үштік» үшін 250 доллар, ал желімше мөлшері 27-28% болатын 3-сыныпты бидай үшін 260 доллар деңгейінде.

Қазақстандық ұн өндірушілер де сапалы бидайға жақсы баға ұсынып отыр. Олар шалғай нарықтарға шығу үшін үкіметтен көлік шығындарын субсидиялауға үмітті. Ол нарықтарда сапасы жоғары ұн ғана пайдаланылатыны түсінікті. Ал мұндай ұн өндіру үшін құрамында желімшесі жоғары бидай қажет.

 

Жемдік ұнға шикізат тапшылығы бола ма?

Biotix Engineering компаниясының директоры Дамир Қалдыбаевтың айтуынша, биыл бидай бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10-15%-ға жоғары. Бұған елдегі өнім көлемінің азаюы да, сапа үшін берілетін баға үстемесі де әсер етті.

Биыл жемдік ұн өндірушілері қиындыққа тап болуы мүмкін. Оның негізгі шикізаты — 5-сыныпты немесе санаттан тыс астық. Ал биылғы жалпы өнімнің құрамында мұндай астық аз болады деп күтілуде — шамамен 1 млн тонна. Өңдеушілердің қажеттілігі бұдан екі есе жоғары. Сондықтан кейбір өндірушілер өндірісте сапасы төмен ресейлік бидайды пайдалануға тырысуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл мәселе тудырады, өйткені Қытай экспортқа арналған жемдік ұнды өндіру кезінде ресейлік астықты пайдалануға тыйым салады. Егер мұндай фактілер анықталып, ол туралы ақпарат тараса, Қытайға бұл өнімнің экспортына шектеу қойылуы мүмкін.

Сондықтан астық өңдеушілердің салалық қауымдастықтары сақ болып, жекелеген жосықсыз өндірушілердің бүкіл саланың беделіне нұқсан келтіруіне жол бермеуі қажет.

Мәселенің бір шешімі — жемдік ұн өндіруде арпаны белсендірек пайдалану. Оны Иранға өткізуде қиындықтар туындауы мүмкін. Қазақстанның Астық одағы Каспий теңізінде кемелерді жалдау мәселесі күрделенгенін хабарлап отыр. Сондықтан артық көлемді ішкі нарық сіңіруі мүмкін.

 

Картопқа қанша төлейді?

Соған қарамастан, биылғы маусымда көптеген фермер астықтан шығынға ұшырауы мүмкін. Сондықтан егіс алқаптарын әртараптандырған аграршылардың үміті ауа райына тәуелділігі төмен басқа дақылдарға байланысты.

Жақсы табыстылық картоп өсірушілерге бұйыруы мүмкін. Картоптың басым бөлігі суармалы жерлерде өсіріледі. Әрине, аптап ыстық оған да әсер етті, өйткені температура +25 градустан жоғары болған кезде түйнектердің өсуі баяулайды. Дегенмен суару оның күйзелісті жеңіл өткеруіне мүмкіндік берді, ал тамыз-қыркүйек айларында картоп түйнектері әлі де өсе алды. Түйнектер көлемі жағынан ұсақтау болғанымен, фермерлер орташа өнімділікке қол жеткізеді деп отыр. (AlimAgro ЖШС директоры Талап Медеубаевтың айтуынша, қазір оңтүстікте картоптың бағасы тоннасына 120-130 мың теңге деңгейінде қалып отыр. Бұл қажетті табыстылықты қамтамасыз етеді).

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 18 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 1,9 млн тонна картоп жиналған. Картоп жинау жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады.

 

Ең жоғары табыстылық — майлы дақылдарда

Фермерлердің үміті күнбағысқа да байланысты. Соңғы жылдары барлық майлы дақылдардың бағасы тұрақты түрде жоғары болып отыр. Бұл ретте зығыр мен рапстың бағасын жоғары экспорттық сұраныс қалыптастырады, ал күнбағыс бағасын Қазақстандағы қуаты жылына 4 млн тоннадан асатын дамыған ішкі өңдеу саласы қолдап отыр. Қазір ел фермерлері бұл дақылдарды әлдеқайда аз көлемде өсіреді, сондықтан Ресейден күнбағыс тұқымы көптеп келген жағдайда да баға жоғары деңгейде сақталуы тиіс.

Жалпы, биылғы маусымда май өңдеушілер мен трейдерлердің жауапкершілігі — аграршыларға майлы дақылдар үшін жақсы баға ұсыну. Осылайша олар астық өнімі көңіл көншітпеген жағдайда, ең болмағанда осы дақылдардан пайда таба алуы керек. Бұл жерде Қазақстанның үкіметі де жағдайды бақылауда ұстауы тиіс: егер өңдеушілер жағдайды ескерместен, майлы дақылдардың бағасын күрт төмендетуге тырысса, мемлекет, мысалы, күнбағысқа экспорттық баж салығын алып тастау арқылы жағдайға араласа алады. Бұл күрделі жағдайда аграршыларды қолдаудың пәрменді құралы болмақ.

Күнбағыс өніміне келсек, жаппай жинау жұмыстары әзірге қарқын алып келеді. Дегенмен, сарапшылар бұған дейін атап өткендей, бұл дақыл қуатты тамыр жүйесінің арқасында қолайсыз ауа райына әлдеқайда төзімді екені қазірдің өзінде белгілі. Сонымен қатар күнбағыстың компенсаторлық қасиеті бар — ауа райы жағдайы жақсарған жағдайда, ол күйзелістен кейін өзінің әлеуетін қалпына келтіре алады. Күнбағыстың өнімділігі аптап ыстық пен құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен облыстардың өзінде бидайдан жоғары болуы тиіс. (Мысалы, Павлодар облысындағы «Құндыз» шаруа қожалығының басшысы Максим Щербактың айтуынша, шаруашылықтағы бидай өнімділігі 7 ц/га болса, күнбағыстан 14–15 ц/га өнім күтілуде).

Бағаның да жоғары болатынын ескерсек, биылғы маусымда майлы дақылдардың әр гектарынан түсетін табыс бидайдың әр гектарынан түсетін табыстан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

ElDala.kz командасы ел аграршыларына егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтап қана қоймай, өнімді тиімді бағамен сатуды тілейді!

Ал біз АгроКеруен Егін 2026 жобасына қолдау көрсеткен серіктестерімізге алғыс білдіреміз:

«Эридон Қазақстан» - әлемдегі ең үздік өндірушілердің агрохимия мен тұқымдарын жеткізуші

Pioneer Seeds - жоғары сапалы тұқым жеткізушісі

«Астық Транс» - астық таситын вагондардың жетекші операторы

JAC - Қазақстанға автокөліктердің ірі жеткізушілерінің қатарына кіретін Allur тобының бренді.

Сергей Буянов

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.