KazAgroFarm-да майлылығы жоғары күнбағыс будандары таныстырылды

Күнбағыс егіс алқаптарының ұлғаюы тұқымға деген сұраныстың артуына әкеліп отыр. Осы ретте селекционерлер аграршыларға бағасы, сапасы және өсіру жағдайлары бойынша кең таңдау ұсыну бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл туралы ElDala.kz порталына «СибАгроЦентр» селекциялық-тұқым шаруашылығы компаниясының өңірлік даму жөніндегі директордың орынбасары Олеся Рыбалкина айтып берді.

Біз ресейлік селекционерлер үздік будандары мен сорттарын таныстырған Астанадағы KazAgroFarm-2026 көрмесінде кездестік.

«СибАгроЦентр» 2000 жылдан бері Алтай өлкесінде жұмыс істейді. Бұл өңірдің табиғи жағдайлары Шығыс және Солтүстік Қазақстанның климаттық жағдайларына едәуір ұқсас. Сондықтан компания өнімдері еліміздің фермерлері арасында сұранысқа ие.

– Алтай өлкесінде топырақ-климаттық жеті аймақ бар, – деп түсіндірді Олеся Рыбалкина. – Сондықтан біз бастапқыдан-ақ құрғақшылық басым өңірлерге де, ылғалды аймақтарға да бейімделген әмбебап сорттар мен будандарды шығаруға басымдық береміз. Сонымен қатар, біздің барлық будандарымыз ерте және өте ерте піседі, бұл олардың қысқа мерзімде толық жетілуіне мүмкіндік береді. Мұндай ерекшелік Қазақстанға, сондай-ақ Орал мен Сібір өңірлеріне өте қолайлы.

 

Озық генетика

«СибАгроЦентр» селекционерлері – В. С. Пустовойт атындағы Бүкілресейлік майлы дақылдар ғылыми-зерттеу институтының белгілі мамандарының шәкірттері. Көпжылдық жұмыс нәтижесінде компания күнбағыстың будандары мен сорттарының өзіндік селекциялық қорын қалыптастырды.

– Біз тек өз селекциямыздың тұқымдарын өндіріп, сатумен шектелмейміз. Сонымен қатар Ресейдің бірқатар селекциялық орталықтарының, атап айтқанда Алтай федералдық агробиотехнологиялар ғылыми орталығының, Орел қаласындағы Дәнді бұршақ және жарма дақылдары федералдық ғылыми орталығының, сондай-ақ Ресей Ғылым академиясының Уфа федералдық зерттеу орталығының лицензиатымыз, – деді Олеся Рыбалкина. – Күнбағыстан бөлек, зығыр, рапс, қарақұмық, қыша, ноқат және асбұршақ сияқты сұранысқа ие дақылдардың тұқымдарын да ұсынамыз. Бұған қоса, мал азықтық дақылдардың, соның ішінде жүгерінің тұқымдарын сатамыз. Жүгері тұқымының едәуір көлемін Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жеткіземіз.

«СибАгроЦентр» компаниялар тобы жыл сайын KazAgroFarm көрмесіне қатысады.

– Бұл – еліміздің барлық өңірінен келген фермер достарымызбен кездесетін орын, – деп атап өтті Олеся Рыбалкина. – Олардың кейбірімен көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз, сондықтан жаңа маусымға арналған жоспарларды талқылаймыз. Ал басқаларымен дәл осы жерде танысып, болашақтағы ынтымақтастықтың негізін қалаймыз. Айтпақшы, өткен жылы көрме барысында бірнеше келісімшартқа қол қойдық. Биыл да көрмеге қатысу нәтижелі болады деп үміттенеміз.

 

Жеке тәсіл

Қазақстанда «СибАгроЦентр» тұқымдары әлемдік жетекші өндірушілердің өнімдерімен қатар жоғары өнімділік көрсетіп келеді. Бүгінде компания тұқымдары Павлодар облысында, Шығыс Қазақстан облысында және еліміздің солтүстік өңірлерінде кеңінен таралған. Компанияның ұстанымы – әр өңірдің жағдайына сай, ең жоғары нәтиже беретін сорттар мен будандарды ұсыну. Тұқым ассортиментінің кеңдігі осы мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

– Қазір Қазақстанда Express және Clearfield технологияларына арналған күнбағыс тұқымдарына сұраныс жоғары, – деді Олеся Рыбалкина. – Біз аграршыларға осы технологиялар бойынша өсіруге арналған «Вектор» және «Спектр» будандарын ұсынамыз. Олардың өнімділік әлеуеті жоғары, сонымен қатар құрғақшылыққа төзімділігімен және майлылығының жоғарылығымен ерекшеленеді.

Қазіргі уақытта фермерлер мен қайта өңдеушілер арасында олеин қышқылы жоғары күнбағысқа қызығушылық артып келеді. «СибАгроЦентр» селекционерлері олеин қышқылының мөлшері 85,4%-ға дейін жететін жаңа буданды мемлекеттік сорт сынағына ұсынды.

 

Мал шаруашылығына арналған күнбағыс

Қазақстандық аграршылар үшін «СибАгроЦентр» компаниясының «Белоснежный» сорты ерекше қызығушылық тудырады. Бұл – сүрлемдік бағыттағы күнбағыс сорты. Ол құрғақшылыққа да, аязға да төзімді. Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде көктемнің соңындағы және күздің басындағы үсіктер жиі кездеседі. Мұндай күнбағыс ауа райына байланысты өнім жоғалту қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

– Басқа сүрлемдік дақылдардың өнімділігі төмендейтін қолайсыз жылдары «Белоснежный» қалыптасқан жағдайды түзетуге көмектеседі, – деп түсіндірді Олеся Рыбалкина. – Сондықтан бұл сортты егіс құрылымына енгізу кез келген жағдайда мал азығы қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жүгері мен «Белоснежный» күнбағысын жолақтап бірге егу сапалы сүрлем дайындауға жағдай жасайды. Бұл әсіресе аяздан зақымданып, әбден кеуіп кеткен жүгерінің орнын толтыру үшін маңызды. Сондай-ақ «Белоснежный» күнбағысынан дайындалған сүрлем ірі қараның сүт өнімділігі көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететінін атап өткен жөн. Атап айтқанда, сүттің майлылығы мен ақуыз мөлшерін, сондай-ақ тәуліктік сүт сауымын арттырады.

Бұған қоса, «Белоснежный» күнбағысы топырақ құнарлылығы төмен жерлерде де жақсы өседі. Сондықтан жерінің құнарлылығы төмен Павлодар облысындағы сүт өндіруші кәсіпорындар бұл сортты жыл сайын егіп келеді. Оған еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі фермерлер де қызығушылық танытып отыр.

 

Оңтайлы таңдау

Әрине, тұқым таңдағанда аграршылар ең алдымен баға мен сапаның арақатынасына назар аударады. «СибАгроЦентр» ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары мен будандарының кең ассортиментін ұсынады. Компания үшін ең жақсы жарнама – серіктестерінің алқаптарындағы жоғары өнім.

– Бізде Clearfield және Express технологияларына арналған будандар да, дәстүрлі будандар да бар, – деді Олеся Рыбалкина. – Таңдау әр шаруашылықтың қажеттілігіне байланысты. Ассортиментіміз кең болғандықтан, әркім өзіне қажетті нұсқаны таба алады. Компания күнбағыс сорттарын селекциялаумен де айналысады. Өйткені кейде ауа райы жағдайларына байланысты сорттар будандарға қарағанда жоғары өнім береді. Мысалы, ерте пісетін майлы дақылдық «Алей» сорты Самара облысында гектарына 32 центнер өнім көрсетсе, ірі дәнді кондитерлік «Алтай» сорты Орынбор облысында гектарына 40 центнер өнім берген. Сондықтан күнбағыс егісінің құрылымында будандармен қатар сорттардың да болғаны дұрыс.

«Алтай» ҒӨБ жыл сайын аграршыларға арналған ғылыми-тәжірибелік семинарлар өткізеді. Компания мамандары серіктестерімен үнемі байланыста болып, алқаптарда жоғары нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі.

Серік Рахметов

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.