Жамбыл облысындағы суармалы жер көлемі 110 мың гектардан 200 мың гектарға дейін кеңейтіледі

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның оңтүстік аймақтарын аралап, су нысандарын тексеріп, ирригациялық жүйелерді дамыту жоспарларымен танысты. Аталған жұмыстар туралы басшы Twitter парақшасында  хабарлады.

Мырзағалиевтың айтуынша, жұмыс сапары Жамбыл облысын аралаумен аяқталған.

«Аталған облыста суармалы жерлерді 110 мың гектардан 200 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда, осы мақсатта магистральдық каналдарды, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. ЕҚДБ –дан берілетін несиеге ұзындығы 1294,34 км болатын 264 канал жаңартылуда», — деп жазды министр.

Сонымен қатар ол аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірнеше су қоймаларын салу жоспарларын талқылады. Су нысандарын салу үшін бірлескен жұмыс тобы құрылады, техникалық-экономикалық негіздеме жасалатын болады.

«Осы жобалардың барлығы аймақтың сумен тұрақты түрде  қамтамасыз етілуіне ықпал етеді», — деп мәлімдеді Мырзағалиев.

Экология министрлігінің басшысы сонымен бірге  арналарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқан Түркістан облысына барды.

«Облыста суармалы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 108 км болатын каналдарды тазарту жүзеге асырылуда. 74% тазарту жұмыстары аяқталды», — деп жазды Мырзағалиев.

Алайда, ол аймақтағы су тасқыны салдарынан арналарды тазарту мерзімі өзгергенін атап өтті. Себебі барлық құрал-жабдықтар төтенше жағдайға байланысты сол аймаққа  жіберілген, алайда облыстағы  жоспарланған жұмыстар уақытылы аяқталуы керек деді.

Бұған дейін Экология министрлігінің басшысы Қызылорда облысына сапары жайлы және Аралдың жағдайы туралы айтқан еді.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.