Неміс кәсіпкерлеріне Қазақстандық агрокешенге инвестиция салу ұсынылды

Берлин Еуразиялық клубының 29-шы отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Қазақстанның аграрлық секторына инвестиция салу  мәселесі  талқыланды. Екі елдің үкіметі мен іскер топтарының 70-тен астам өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу бейнеконференция түрінде өтті. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған кездесу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Қазақстанның аграрлық секторындағы жобаларды іске асыру үшін неміс инвесторларына жеке қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Осы мақсатта үкіметтік жұмыс тобы істейді, олар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру барысында жедел түрде заңды көмек көрсетеді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, АӨК инвестиция салу үшін оңтайлы сектор, болашақтағы серіктестерге субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, салық салудың арнайы режимдері ұсынылады.

 Қазіргі заманда азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр және бұл жағдай ауыл шаруашылығының дамуына тікелей байланысты екені айтылды. Ал стратегиялық инвесторлармен қарқынды жұмыс істеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаған басты  бағыты болып табылады.  Мемлекетіміз Германиямен бірлескен жобаларды сәтті  орындау үшін неміс бизнесіне қолдау көрсетеді.

Өз кезегінде Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Оливер Гермес Германия бұрынғысынша Қазақстанмен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуді сыртқы экономикалық қызметтің басым бағыттарының бірі деп санайтынын және неміс бизнесі бірге жұмыс істеуге  дайын екенін атап өтті. Германия Федеративті Республикасы Федералды азық-түлік және ауылшаруашылық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Уве Фейлер агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына оң баға берді, бұл оның екі ел арасындағы стратегиялық өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуді қолдау үшін инвестициялық жағымды жағдай тудыратынын атап өтті.

 

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.