Ауыл шаруашылығын сақтандыру аясында субсидиялауға 3,3 млрд теңге беріледі

Жаңа маусымда қазақстандық аграршылар өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді сақтандырудың алғашқы шарттары жасай бастады. Фермерлер егіс алқаптарындағы ылғалдың жетіспеушілігін онлайн режимде биыл 15 сәуірге дейін сақтандыра алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған қорда айтылғандай,сарапшылардың болжамы бойынша биыл Қазақстан аймағында жаз құрғақ болады. Өз шаруашылықтарын сақтандырған кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, сақтандыру полисі құнының 50%-ы субсидия ретінде төленеді.

Бұл келісім шартты жасасу үшін, «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан www.qoldau.kz платформасында электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен тіркелу керек. Осылайша, еңбеккерлер еккен егінін сақтандыру үшін алқаптарды, компанияны, сақтандыру сомасын таңдауға, сондай-ақ күн сайын платформадағы жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін қадағалауға мүмкіндік алады.

Бұл шараға қатысатын сақтандыру компанияларында ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің лицензиясы бар. Аталған салада «Жусан гарант», «Виктория» және «Номад иншуранс» сақтандыру компаниялары жұмыс істейді.

Сақтандыру жасауда адами фактор қатыспайды. Сақтандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайды. Бұл – сақтандыру төлемдері механизмінің объективтілігі мен ашық түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Тақырыпқа байланысты оқуҚазақстанда ІҚМ-ды аурулардан сақтандыру шарасы басталды

«Агроөнеркәсіп кешені саласындағы сақтандыру операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры фермерлерді қолдау үшін және саланың тұрақты және табысты болуы үшін сақтандыру шараларын дамытады. Өткен жылы 56 шаруашылық егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырған. Шаруалар алған сақтандыру төлемдері 535 млн тенге болды. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда» -деді Қор директоры Асқар Қалиев

Ылғал тапшылығынан тәуекелдерді сақтандыру екі фазалы және үш фазалы сақтандыру болып бөлінеді. Бірінші фаза - 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші фаза - 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшінші фаза - 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралықты қамтиды.

Құрғақшылықтан сақтандыру кезінде сақтандыру тарифі сақтандыру сомасының 3,2 - 4,8%-ын құрайды. Ал артық ылғалдан ол сақтандыру сомасының 3,2%-ы шегінде белгіленген. Сақтандыру сомасын есептеу кезінде шаруа егіс алқабының бір гектарына сақтандыру сомасын өзі анықтайды. Ол – 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Содан кейін сақтандыру компаниясын таңдайды және сақтандыру құнының 50%-ын төлейді. Қалған соманы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры салады.

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлері егіс алқаптарын сақтандыра алады.

Сақтандыру шартына сәйкес, сақтандыру жағдайы туындаған сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасалады.

 

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.