Нидерланды компаниялары Қазақстанның АӨК саласына 100 млрд теңге инвестиция салады

Нидерландының жылыжай, ауыл шаруашылығы техникалары, тұқым, өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының басшылары Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминмен жасалған келіссөздер нәтижесінде 100 млрд теңге көлемінде инвестиция салу туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрмен болған кездесуде жылыжай кешендерін, тұқым шаруашылығын және Қазақстанның ауыл шаруашылығының басқа да салаларын дамытуда жиынтықты есептеулер, жасанды зерде және басқа да инновациялық технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Kazakh Invest, Ұлттық аграрлық  ғылыми білім беру орталығы, Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағы, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, сондай-ақ голландиялық Greenhouse Delta, Food Ventures, Rijk Zwaan, Solynta және Koppert Biological Systems компанияларымен қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысып, бірқатар келісімдерге қол қойды.

Олар Қазақстанда бау-бақша өсіру мен картоп тұқымының өндірісін, өсімдіктерді қорғаудың биологиялық құралдарын, ҚР-да жылыжай кешендерін салу, Түркістан аймағында жоғары технологиялық зерттеу орталығын дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыратын болады.

Аталған жобалар бойынша ҚР экономикасына салынатын инвестицияның жалпы көлемі 100 млрд теңгеден асады.

Тақырыпқа байланысты оқу: Нидерландылық жылыжай салушы компаниялар ҚР-да өз технологияларын көрсететін болады

Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанда жаңадан жұмыс орындарын ашуға, агроөнеркәсіптік кешенге озық технологиялар мен тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуеттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жұмыс сапар аясында Нидерланды компаниялардың өкілдері облыс басшыларымен және қазақстандық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жан-жақты талқылау мақсатында Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласына келді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда экономиканың әртүрлі салаларында Нидерланды капиталының салынуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Нидерланды алдыңғы қатарлы технологиялары мен ауылшаруашылық секторын басқарудың тиімді әдістері бойынша жетекші орында тұр және әлемде ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.