Өлген құс иелеріне өтемақы төлеуге 390 миллион теңге бөлінеді

Құс тұмауының таралуы салдарынан жаппай қырылған үй құстарының иелері өтемақы алады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми ақпараттарына сәйкес, бүгінгі күнге дейін Қазақстанның бес облысында 54 мыңдай құс өлген, көбінесе үй маңында ұстайтын құстар қырылған. Бірқатар елді мекендерде жоғары патогенді құс тұмауын жұқтыру расталды, қалған жерлерде зертханалық талдау жасалуда.

«Карантин жарияланған жерлерде эпизоотияға қарсы республикалық отряд жұмыс істей бастады. Өлген құстардың денелерін жою және осы құс ұсталған үй-жайларды дезинфекциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, эпизоотияға қарсы республикалық отряд өлген құс үшін өтемақы төлейтін болады», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бүгін өткен брифингте.

Вице-министрдің мәліметінше, аймақтарда құстардың нарықтық құнын анықтауға қатысатын арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Әкімдіктердің шешімдері негізінде республикалық эпизоотиялық жасақ барлық қажетті құжаттарды қабылдайды және құстардың белгілі нарықтық бағаларына сәйкес, өлген құс иелерінің әрқайсысының жеке шотына төлемдер жіберіледі.

«Егер құжаттар дұрыс ресімделсе, төлем 3 күннен аз уақытта жасалады. Қазіргі уақытта эпизоотияға қарсы республикалық отрядта шамамен 390 миллион теңге жинақталған, ол өлген құстың құнын төлеуге, яғни  жеке шаруа қожалықтарының иелеріне төлемдер жіберуге бағытталады», - деді Гүлмира Исаева.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.