Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Тимур Құлыбаев үкіметте аграрийлердің кәдеге жарату алымын жою туралы үндеуін қолдайды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев өткен аптада аймақтық кеңестердің мүшелерімен бірқатар онлайн кездесулер өткізді. Аграрийлер көтерген сұрақтардың бірі – ауыл шаруашылық техникаларына кәдеге жарату алымын енгізу. Бұл туралы ҚР Ұлттық палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мақала бойынша оқыңыз: Атамекен импорттық ауыл шаруашылық техникаларына төлемді алып тастауды талап етуде
Атап айтқанда, Қостанай облысының аграрлық секторының кәсіпкерлері төлемді алып тастауды сұрайды.
- Жыл сайын біздің фермерлер 300-ге жуық трактор мен 200 комбайн сатып алады. Импортталған тракторлардың үлесі 80%-дан асты, комбайндар – шамамен 70%. Жалпы сомасы шамамен 25 миллиард теңгені құрап отыр. Кәдеге жарату алымын ескере отырып, аграрийлердің шығындары26% - 28%-ға өсті, - деп хабарлады Қостанай облысы аймақтық кеңесінің төрағасы, «Olzha Agro» агрохолдингінің бас директоры Айдарбек Қожаназаров.
Оның айтуынша, өткен жылы холдинг 128 миллион теңгеге «John Deere» техникасын сатып алған, биыл дәл осы трактор компанияға 140 миллион теңгеге шығып отыр. Дегенмен кәдеге жарату алымы отандық ауыл шаруашылық техникасы үшін бағалық айырмашылыққа алып келген жоқ.
- Шындығында, кәдеге жарату алымы енгізілген соң отандық «Беларусь» тракторы мен импортталған тракторлар бірдей деңгейге шықты, олардың арасындағы айырмашылық небары 1% құрайды. Олар кем дегенге 22%-ға арзандауы керек еді (кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі, салықтық жеңілдіктер және т.б.), - деп атап өтті Қожаназаров.
Оның пікірі бойынша кәдеге жарату алымын кем дегенде, 2-3 жылға шегеру керек.
Мақала бойынша оқыңыз: Президенттің бұрынғы кеңесшісі кәдеге жарату алымына қарсы пікір білдірді
Аграрийлердің пікірін Тимур Құлыбаев қолдап, бұл мәселенің үкіметте көтерілетініне уәде берді.
- Біз үкіметтен ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қосымша салық салмау үшін, машина жасау саласындағы импортты алмастыру саясатын қолдаудың тікелей көздерін табуды міндетті түрде сұрайтын боламыз, - деді ол.
Айдарбек Қожаназаров өткен аптала Eldala.kz сайтына берген сұхбатында кәдеге жарату алымын енгізуге байланысты түйткілдер туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп бергенін еске саламыз. Материал фермерлер тарапынан, сондай-ақ отандық техника өндірушілері тарапынан талқыға түсті. Содан кейін Қостанай облысында пікір алмасу үшін тараптардың кездесуін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Суретте Айдарбек Қожаназаров
Мақала бойынша оқыңыз: Айдарбек Қожаназаров: кәдеге жарату алымы – бұл жасырын салық
Ауыл шаруашылық техникасын өндірушілердің, атап айтқанда АгромашХолдинг KZ өкілдерінің пікірінше, кәдеге жарату алымын енгізу жаңа өндірушілерді қазақстандық нарыққа тартуға, шығарылатын машиналардың түрін кеңейтуге және жалпы алғанда саланың дамуына ықпал етеді.
Мұның барлығына қарамастан, аграрийлер машина жасаушылардың оптимизмімен бөлісе бермейді. Атап айтқанда, неміс алыбы «CLAAS» өндірісінің ашылуы әлі де болса қазақстандық фермерлердің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды, өйткені Қазақстанда зауыт бүкіл желіні локализацияламайды, тек жалғыз модельдермен айналысады. Ал қалған техниканың барлығына Қазақстанға импортталған кезде локализация туралы келісімге қол қойылғанға дейін кәдеге жарату алымы салынатын болады.
Мақала бойынша оқыңыз: Еркін Тәтішев: Кәдеге жарату алымының енгізілуі заңсыз
Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылық техникасының сапасына тоқталатын болсақ, фермерлер бірқатар наразылықтарын білдірді.
- Биыл Петропавловскіден жергілікті өндірістің өздігінен жүретін бүріккішін 53 миллион теңгеге алып едім, ол маған жетпестен, барлық редукторлары шашылып қалды. Бір аптадан соң егістікке шыққанда да түйткілдері таусылмады, - деді кездесуге қатысушылардың бірі.
Аграрлық шаруалар Қазақстанда шығарылатын модельдерді «John Deere» немесе «CLAAS» техникаларымен салыстыра отырып, өнімділіктеріне тоқталып өтті. Мәселе өнімді жинау мерзімінің қысқалығы мен барынша сапаны сақтау туралы болғанда, соңғыларының артықшылықтары басым болып шықты.
- Президенттің Жолдауында айтылғандай, өнімнің өзіндік құнын төмендету және еңбек өнімділігін арттыру бағытында жұмыс атқарып отырмыз. Бұл міндеттерді орындаудың қазіргі кезде оңай емесін айтқан дұрыс. «ESSIL» комбайны нашар дегім келмейді, бірақ бұл техника сапасының соңғы кезде төмендегені өтірік емес, - деп атап өтті қатысушылар.
Мақала бойынша оқыңыз: Сергей Глокке: Кәдеге жарату алымы фермерлерді таңдау жасаудан айырып отыр
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, ауылшаруашылық техникаларын өндірушілер тарапынан кәдеге жарату алымын енгізу туралы мәселені қолдау, нарық үшін күрестен басқа ештеңе емес. Бұл жерде аграрлық шаруалардың ғана емес, олардың тікелей клиенттерінің мүдделері еленбей отыр.
- Мұның бәрі біздің қалтамызды тесетіні анық. Дұрыс пікірталаста талқыланғанын қалаған едік, алайда кәдеге жарату алымын қабылдаудан өзге жол қалдырмады. Дегенмен клиент болған соң төлейтін де біз ғой. Фермерлердің отандық ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға қатысты қағидаттық ұстанымдар ұстану ұсыныстары енгізілген сәттер де болды. Екі-үш жыл көрейік, шыдаймыз, ал өндірушілер шыдар ма екен? Салалық одақтардың бәрі кәдеге жарату алымының енгізілуіне қарсы. Сондықтан осы кездесу барысында сіздерді пікірталасқа шақырғым келген. Қазіргі жағдай кәдеге жарату алымын енгізуге қолайлы емес. Осы мәселе бойынша Атамекен төралқасына жүгіндік, барлық ауыл шаруашылық өндірушілерінің атынан төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтан осы жағдайға араласуын, пандемияға байланысты жағдайды және Қазақстанда екі жыл қатарынан құрғақшылық болғанын ескере отырып, кәдеге жарату алымын кем дегенде екі жылға шегеруді сұрадық, - деді ол.
Пікірталас қорытындысын саралай келе, аграрийлер өз пікірлерінде қалатындарын мәлімдеді. Ағымдағы қаржылық жағдайды ескере отырып, олар өз мойындарына кәдеге жарату алымын ала алмайды. Тым болмаса алдағы екі жыл ішінде машина жасау саласын қолдаудың басқа шараларын табуды сұрайды.