Жаңа АӨК-ке арналған тыңайтқыштар: ЕвроХим Қазақстанның өзгеріп жатқан нарығына шешімдерін қалай бейімдеп жатыр

ЕвроХим Қазақстанның басты аграрлық оқиғасы – KazAgroFarm-2026 көрмесіне қатысты. Компания серіктестерімен кездесіп, шаруашылықтардың сұраныстарын біліп, қазақстандық егістіктерге арналған жаңа шешімдерін таныстыру үшін бұл көрмеге алтыншы рет келіп отыр. Қазақстан компания үшін ерекше назар аударылатын елдердің бірі. Мұнда аграрийлермен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатылып, минералдық қоректендіру бағыты дамып келеді.

Қазақстанның неліктен басым нарық саналатыны және компанияның жергілікті шаруашылықтарға қандай өнімдер ұсынатыны туралы ЕвроХим компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі коммерциялық директоры Сергей Михайловпен әңгімелестік. Фермерлердің қажеттіліктері қалай өзгеріп жатқаны және бүгінгі таңда қандай шешімдерге сұраныс жоғары екені жөнінде ЕвроХимнің Қазақстандағы сату бөлімінің басшысы Руслан Рахымбаев айтып берді.

— Сергей, ЕвроХим компаниясы Қазақстан нарығындағы өнім түрлерін белсенді түрде кеңейтіп, республикада бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Компанияның ауқымды жоспарлары туралы айтып берсеңіз. Олардың негізінде не жатыр?

— Қазақстан – компаниямыз үшін басым нарықтардың бірі. Біз мұнда ұзақ мерзімді келешекке жұмыс істеп жатырмыз. 2017 жылдан бері қазақстандық аграршыларға 700 мың тоннадан астам тыңайтқыш жеткіздік, ал еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100-ден астам шаруашылық компаниямыздың серіктесіне айналды. Негізгі қоректік элементтерге деген қажеттіліктің қаншалықты жылдам артып келе жатқанын, аграршылардың майлы дақылдар егісін кеңейтіп жатқанын және тиімділігі дәлелденген технологияларға көбірек көңіл бөлінетінін көріп отырмыз. Шаруашылықтар құрғақшылыққа, қайталама үсіктерге, топырақ факторларына және басқа да қолайсыз жағдайларға төтеп беруге көмектесетін жапырақ арқылы берілетін кешенді тыңайтқыштарды жиі әрі белсенді қолдана бастады.

Тәжірибеміз көрсеткендей, сұраныс өскен кезде тек өнім жеткізумен шектелу жеткіліксіз. Сондықтан біз бұдан да ауқымды міндеттерді қолға алып отырмыз: елдегі өз өндірістік қуаттарымызды дамытамыз, егістік алқаптарында тиімділігі дәлелденген тәжірибемізбен бөлісеміз және аграршылардың әртүрлі қажеттіліктеріне арналған заманауи өнімдерді ұсынамыз.

— Біздің мәліметімізше, Жаңатастағы өндіріс орнында жаңа өнім – калий сульфатын шығару жоспарланып отыр. Бұл тыңайтқыш Қазақстан нарығы үшін қаншалықты өзекті және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің оған сұранысы бар ма?

— Ең алдымен, калий сульфатының құрамында хлор мүлде жоқ екенін атап өткен жөн. Сондықтан ол көкөніс, картоп және басқа да хлорға сезімтал дақылдарға өте қолайлы. Калиймен қатар, бұл – құрамында күкірті бар жоғары сапалы өнім. Ал Қазақстан топырағындағы күкірт тапшылығы мәселесі бұрыннан белгілі. Біз бұл бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін аграршылар күкіртті тыңайтқыштардың тиімділігін сульфоаммофос және соңғы маусымдардың нағыз хитіне айналған Croplex NPS 12-40+10S өнімінің мысалында бағалап үлгерді. Ал жаңа өніміміз қолжетімді шешімдердің аясын кеңейтіп, калий мен күкірттің ұтымды үйлесімін ұсынады деп ойлаймыз. Ғылыми ұсыныстар мен тәжірибелік деректерге қарамастан, Қазақстанда калий тыңайтқыштары әзірге басқа тыңайтқыш түрлеріне қарағанда сирек қолданылады. Алайда калий өсімдіктердің қоректенуі үшін аса маңызды, өйткені ол өнімділікке, өнім сапасына және өсірілетін дақылдардың қолайсыз жағдайларға төзімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

Өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыруға деген сұраныс бұл жағдайды біртіндеп өзгертіп келеді. Қазақстанда майлы дақылдар кеңінен өсірілетінін ескерсек, олардың калий мен күкіртке деген қажеттілігі жоғары. Сондықтан біздің екі мәселені бір өніммен шешуге бағытталған ұсынысымыз дәл уақытында қолға алынған бастама деп есептейміз.

— Аграршылар қазақстандық калий сульфаты мен EuroChem Group AG компаниясының жаңа кешенінде өндірілетін басқа өнімдерді нарықтан қашан көре алады?

— Аграршылардың өнім түрлерін көбейтуді асыға күтіп жүргенін жақсы білемін. EuroChem Group AG компаниясының Жаңатастағы жаңа кешенін келесі жылы іске қосу жоспарланған. Қазақстандық калий сульфаты мен кешеннің басқа да өнімдерінің алғашқы партиялары келесі жылдың көктемгі егіс науқанының басында фермерлерге қолжетімді болады деп үміттенеміз. Сонымен қатар Қазақстандағы жергілікті сату кеңсеміз аграршылармен күн сайын жұмыс істейді. Әріптестеріміз әртүрлі агрономиялық міндеттерге арналған сұранысқа ие шешімдердің кең ауқымын ұсынады, көптеген тәжірибелік зерттеулер жүргізеді. Сондай-ақ кездесулер, семинарлар, өңірлік сайт пен әлеуметтік желілер арқылы ғылыми негізделген тәсілдерді кеңінен насихаттауға күш салып келеді.

— Сергей, көрмеде агробизнес өкілдерімен сөйлестіңіз. Сала өкілдері компанияға ең алдымен қандай сұрақтар қояды?

— Біз үшін KazAgroFarm — ең алдымен фермерлердің пікірін тыңдап, әртүрлі шаруашылықтардың, өңірлер мен бизнес бағыттарының өкілдерімен тілдесуге, олардың маусым барысында қандай қиындықтарға тап болатынын білуге мүмкіндік беретін алаң. Фермерлердің қажеттіліктерін барынша жақсы түсініп, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға көмектескіміз келеді. Биыл жаңа өнімдерге, зерттеулерге және болашағы зор жобаларға қатысты сұрақтар әсіресе көп болды. Барлығы тыңайтқыштардың өзімен қатар кәсіби әрі тиімді агрономиялық қызметтің де қажет екенін айтады. Біз мұны жақсы түсінеміз. Өндіріс шығындарына сезімтал, ал қателіктің құны жоғары болуы мүмкін нарықта бірлесіп дамуға мүдделі, сенімді серіктестерге сүйену маңызды. Қазақстан фермерлерімен ынтымақтастығымыз жыл сайын нығая түсетініне сенемін!

 

Тыңайтқыштарға сұраныс артып келеді

Компанияның жоспарларынан қазіргі нарықтағы жағдайға көшейік. Бұл туралы Қазақстандағы ЕвроХим сату бөлімінің басшысы Руслан Рахымбаев айтып берді.

— Руслан, ЕвроХим Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде минералды тыңайтқыштар нарығы қалай өзгерді?

— Қазақстанның минералды тыңайтқыштар нарығы қарқынды даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мұны тұтыну динамикасы да растайды. 2025 жылы азотты тыңайтқыштарды тұтыну әсер етуші зат бойынша 58,5 мың тоннаны, фосфорды тұтыну 44,7 мың тоннаны, ал калийді тұтыну 2,9 мың тоннаны құрады. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер тиісінше 24%, 43% және 71%-ға өсті. Жалпы алғанда,  N, P және K тыңайтқыштарын тұтыну бір жылда шамамен 32%-ға артты.

Әсіресе фосфорға деген қызығушылықтың өскені байқалады: оны тұтыну 2000 жылғы 2 мың тоннадан 2025 жылы 44,7 мың тоннаға дейін жетті. Сонымен бірге нарық өндірістің экономикалық тиімділігіне әлі де сезімтал. Сондықтан бүгінгі таңда аграршыларға нақты дақылдарға, топырақ жағдайына және өсіру технологияларына бейімделген тиімді өнімдер қажет.

— Қазір егіс құрылымындағы қандай өзгерістер тыңайтқыштарға деген сұранысқа көбірек әсер етіп отыр?

— Соңғы жылдардағы ең айқын үрдістердің бірі — өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және майлы дақылдар алқабын ұлғайту. Олардың қатарына күнбағыс, зығыр және рапс жатады. 2025 жылы Қазақстанда жиналған майлы дақылдардың егіс алқабы 3,94 млн гектарға жетіп, бір жылда 44,2%-ға өсті. Біз мұны маңызды белгі деп санаймыз: егіс құрылымы өзгеріп жатыр, демек өсімдіктерді қоректендіруге қойылатын талаптар да өзгеруде.

— 2025 жылы ЕвроХим компаниясы Сергей атап өткен Croplex NPS 12-40+10S өнімін Қазақстан нарығына шығарды. Бұл қазақстандық агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктеріне әсер етті ме?

— Croplex өзін өте жақсы көрсетті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қызығушылығы нақты сатылым көлеміне ұласты. Бүгінде Қазақстанда шамамен 4 мың тонна өнім сатылды. Сонымен қатар біз оның алдағы уақытта да өсу әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз: күзде енгізуге арналған шамамен 8 мың тонна өнімге сұраныс қалыптасқан. Біз үшін бұл — аграршылардың Croplex өнімін өз шаруашылықтарының нақты міндеттерін шешуге арналған сұранысқа ие құрал ретінде қабылдайтынының көрсеткіші.

— Алғашқы нәтижелер өнімнің әлеуетін бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Тәжірибелер қандай нәтиже көрсетті?

— Дұрыс айтасыз, біз жаңа өнімдеріміздің тиімділігі туралы нақты деректер алу үшін оларды жан-жақты сынақтан өткіземіз. Бұл нәтижелерді клиенттерімізбен және серіктестерімізбен бөлісеміз. Қарағанды облысында жаздық бидайға жүргізілген өндірістік тәжірибеде Croplex NPS 12-40+10S құрамында 11% азот пен 37% фосфор бар сұйық тыңайтқышпен салыстырылды. Екі тыңайтқыш та бірдей физикалық мөлшерде — гектарына 50 кг есебімен енгізілді. Сұйық тыңайтқыш қолданылған алқаптың өнімділігі гектарына 8 центнер болса, Croplex қолданылған алқапта бұл көрсеткіш 13,5 центнерге жетті. Айырмашылық — гектарына 5,5 центнер.

Ақмола облысының Зеренді ауданында зығырға жүргізілген тәжірибенің нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. Мұнда да Croplex өнімділігі бойынша бірінші орын алып, гектарына 10,8 центнер нәтиже көрсетті. Бақылау нұсқасымен салыстырғанда өнімділік гектарына 2 центнерге артты. Сонымен қатар Croplex аммофос көрсеткішінен 0,8 центнерге (8%), ал сульфоаммофос көрсеткішінен 1,4 центнерге (14,9%) жоғары нәтиже көрсетті.

— Croplex-ке сұраныс жоғары. Ал қазір Қазақстан нарығында әлеуеті зор басқа қандай тыңайтқыштар бар? Қай өнімдерді атап өтер едіңіз?

— Әрине, олардың бірі — қазақстандық аграршыларға жақсы таныс КАС-32. Қазақстанда сұйық азотты тыңайтқыштарға деген қызығушылық артып келеді. Көптеген шаруашылықтар оларды қолданудың ыңғайлы екенін және азотпен қоректендіруді дәл әрі тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін түсініп отыр.

Біз КАС-32 жеткізілімін ұлғайтуды Қазақстан нарығын одан әрі дамытудың келешекті бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ суда еритін тыңайтқыштарға (СЕТ) ерекше назар аударамыз. Олар топырақ-климат жағдайы күрделі өңірлерде өсімдіктерге қажетті қоректік заттарды нысаналы түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тыңайтқыштар фертигация жүйелерінде де, жапырақ арқылы үстеп қоректендіру кезінде де тиімді қолданылады. Сондықтан олар агротехнологияларды жетілдіру және егіншілік мәдениетін арттыру арқылы салынған әр теңгеден түсетін қайтарымды көбейтуге ұмтылатын шаруашылықтар үшін өте қолайлы.

Нарық өзгеріп келеді, минералды тыңайтқыштар тиімділігін көрсетуде, ал шаруашылықтар дақылдарды қоректендіруге барған сайын көбірек көңіл бөлуде. Енді Қазақстанның аграрлық секторы қай бағытта дамитынын және бұл үдерісте ЕвроХим компаниясы қандай орын алатынын түсіну маңызды. Осы сұрақты Ресей мен ТМД елдеріндегі коммерциялық директор Сергей Михайловқа қайта жолдадық.

— Сергей, сіз Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың қандай бағытын көріп отырсыз және ЕвроХим қандай рөл атқарады?

— Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуеті зор. Мұны біз шаруашылықтармен күнделікті жұмыс істей отырып көріп отырмыз. Қазақстан — ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған әрі болашағы зор республикалардың бірі деп сеніммен айта аламыз. Саладағы әлемдік көшбасшы ретінде біз Қазақстанға озық халықаралық тәжірибені, әртүрлі дақылдар мен сан алуан климаттық жағдайда тиімділігі дәлелденген заманауи өнімдер мен шешімдерді ұсынуға ұмтыламыз. Біздің мақсатымыз — Қазақстанның аграршылары үшін әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші толық сенім арта алатын сенімді стратегиялық серіктес болу. Біз үшін тағы бір маңызды бағыт — аграршылардың кәсіби білімі мен құзыреттерін арттыруға көмектесу. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде шаруашылықтар мен жеке фермерлерге арналған тегін семинарлар, онлайн вебинарлар, подкасттар, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сараптамалық материалдар, әлеуметтік желілердегі жобалар және басқа да көптеген бастама жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Біз өсімдіктерді қоректендіру жүйесінің барынша тиімді болуына көмектесу үшін заманауи технологиялар, тиімділігі дәлелденген тәсілдер және тыңайтқыштарымызды дұрыс қолдану ережелері туралы ақпарат береміз. Алдағы уақытта да бұл ауқымды диалогты дамытуды жалғастырамыз. Жақын арада осы бағыттағы ірі жоба іске қосылады.

Серік Рахметов

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.