ӘҚБтК ауыл шаруашылығына қатысты түзетулер енгізеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қарауға ұсынды. Құжаттың мәтінімен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады.

Аталған құжатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жер реформасы жөніндегі Комиссия құрылып, ол 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында халықтың қатысуымен 5 отырыс өткізгені атап өтілген. Комиссия жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жақсарту бойынша 121 мәселе мен ұсынысты қарады.

Комиссияның ұсыныстары негізінде Парламентке енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.

«Комиссияның ұсынысы негізінде әзірленген заң жобасының негізгі нормаларының бірі жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын орталық органға және ведомствоға оның аумақтық органдарын құра отырып қайтару болып табылады. Осыған байланысты ӘҚБтК - нің 710-бабына жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарды белгілеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі», - деп көрсетілді тұжырымдамада.

Тақырыпқа байланысты оқу: Мәжіліс Жер комиссиясының шешімін мақұлдады

Бұдан басқа, заң жобасымен ӘҚБтК-ге жер учаскелерін сауда-саттыққа қою мерзімдерін бұзғаны үшін жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігі мәселесі бойынша толықтыру енгізіледі.

«Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің болмауына байланысты ЖАО көбінесе жер учаскелерін сауда-саттыққа шығару жөніндегі талаптарды орындамайды не оларды мерзімдерін бұзады. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлықтың болуын арттырады, өйткені кәсіпкерлерді ЖАО қызметкерлеріне нақты учаскені сауда - саттыққа шығару жөнінде ауызша өтініш жасауға мәжбүр етеді», - деп жазылған тұжырымдамада.

Осы норманы ӘҚБтК-ге енгізу әкімдіктердегі қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ жер учаскелерін беру процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

Айта кетерлік жағдай, заң жобасының тұжырымдамасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қарауына да келіп түсті. Аталған құжат бойынша ұсыныстарды ҰКП e.abzhan@atameken.kz поштасына жіберуге болады.

 

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.