Шөп шабуға 43 мың тоннадан астам жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлінеді

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша облыс әкімдіктерінің шөп шабу науқанын өткізу үшін арзандатылған бағамен жанар-жағармай материалдарын қосымша бөлуге өтінімдерін мақұлдау туралы шешім қабылдады. Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен жедел кеңесте мал шаруашылығын қолдау шаралары талқыланды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған сала ведомствосының мәліметінше, өңірлерге 43,6 мың тонна ЖЖМ жеткізу кестесі осы аптада бекітіледі. Облыс әкімдіктеріне жеңілдетілген жанар-жағармайдың фермерлерге дейін тікелей жеткізілуін бақылау тапсырылды.

Бұдан басқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ 31 шілдеге дейін республиканың барлық аумағында жүргізілетін шөп тасымалдау шарасы кезінде көліктерге уақытша жеңілдіктер берді. Тасымалдау құны 77% -ға төмендетілді. Бұл шара құрғақшылықтан зардап шеккен батыс өңірлерге қосымша азық көлемін жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, өткізілген жиналыс барысында мал шаруашылығы және құс шаруашылықтары үшін азық қорын жинастыру мақсатында жемге арналған астықты қосымша сатып алу туралы ұсыныс қаралды. Қазір қаржыландыру көздері туралы мәселе қарастырылуда.

Шағын және орта фермерлік шаруашылықтарда жем-шөп өндірісін ынталандыру үшін «Бәйтерек» холдингіне аграршылардың жем-шөп дайындау техникасы мен қолайлы суару жүйелерін сатып алу үшін қосымша қаржыландыру тәсілдерін әзірлеу тапсырылды.

Өз кезегінде, өңір әкімдіктеріне мал азығы бағасының қолжетімділігін тұрақты бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және құрама жем жасайтын кәсіпорындармен жемшөпті қолжетімді бағамен сату туралы меморандумдар жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-Министр Аскар Мамин жем-шөп дайындауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Шөп шабуды ұйымдастыру үшін 255,8 мың га алаңдағы орман алқаптарының аумақтары берілген. Құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына жеке көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан мал азығын дайындауды ұйымдастыратын республикалық штаб құрылды.

Президенттің тапсырмасы бойынша тамыз айында жарты жыл мерзімге жемшөпті сыртқы шығаруға тыйым салу жоспарланған.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.