Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Алмасбек Садырбаев: Қазақстанда жер жеке меншік болуы керек
Жер мәселесі 2021 жылдың басынан бастап депутаттар мен шенеуніктердің, агробизнес өкілдерінің қызу талқылауына түсті. Осылайша, наурыз айында Жер реформасы жөніндегі комиссия өз жұмысын бастады, оның мақсаты - мемлекетті жерді жоғалтып алудан сақтай отырып, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға дұрыс-оңтайлы тәсілдерді табу.
Сонымен қатар, Мәжіліс ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Құжаттың негізгі мәні - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік азаматтарға, шетелдіктер қатысатын компанияларға, халықаралық ұйымдарға және қандастарға сатуға және жалға беруге толық тыйым салу.
Тақырыпқа байланысты оқу: Мәжіліс депутаттары жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салуды қолдады
Аталған мәселені жақтаушылар да, қарсылық білдірушілер де бар, сондықтан пікірталас әлі де жалғасуда. Осыған орай Shopan-ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы, комиссия мүшесі Алмасбек Садырбаев ElDala.kz порталына өз пікірін айтып, ойымен бөлісті.
-Шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға алуға және жеке меншікке беруге тыйым салу туралы шешім Қазақстандағы жерді шетелдік азаматтардың жаппай сатып алуы мүмкін деген қорқыныштан туындайды», - деді Алмасбек Садырбаев (суретте). - Біздің еліміз екі ірі империяның (Ресей мен Қытай) арасында орналасқандықтан, мұндай қорқыныш негізсіз емес. Сондықтан Президент бұл заң жобасына қол қойды. Ол Мәжілістен де өтіп үлгерді, енді сенаттан да қиындықсыз өтеді деп ойлаймын. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған дұрыс шешім деп санаймын.
Әрине, осы тұста келесідей сұрақ туындайды, бұл тыйым Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені үшін кері әсер етпейді ме? Шетелдіктер экономикамызға салуы мүмкін инвестициялардан еліміз айырылып қалмай ма?
Тақырыпқа байланысты оқу: Айдарбек Ходжаназаров: Шетелдіктерге жер берсек, барымыздан айырыламыз
Аталған мәселеге байланысты Алмасбек Садырбаев жерді жалдау және жеке меншікке беру жағдайларын бөліп қарастырады. Егер шетелдіктерге жерді сатуға тыйым салу ауыл шаруашылығының инвестициялық қырына ешқандай әсер етпейтін болса, ал жерді жалға беру бұлай емес. Шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерінде жұмыс істеуге тыйым салу инвестициялардан айырылып қалуға әкелуі мүмкін. Алайда ең бастысы мемлекеттің қауіпсіздігі болып тұр.
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың өзі айтқандай, қазір Қазақстанда 100 мың гектарға жуық жерді шетелдіктер жалға алған, -деді А Садырбаев. - Сондықтан, әрине, пайдадан құр қалуымыз да мүмкін. Амал қанша, бұл жағдайда басқа жол іздестіру керек, өйткені елдің қауіпсіздігі де өте маңызды мәселе.
Осы жерде айта кететін бір жайт, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін шетелдік азаматтарға жалға берілген жер учаскелері олардан алынбайды. Жалдау құқығы келісілген мерзім аяқталғанға дейін жарамды болады, бірақ бұл келісім шарттардың мерзімі одан әрі ұзартылмайды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Тоқаев сенат спикерімен «жер» заңнамасындағы түзетулерді талқылады
Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру мерзімі туралы мәселе де қызу талқыланды. Бұл жағдайда да көптеген пікірлер болды - кейбіреулері фермерлердің болашаққа сенімді болу үшін оны ұзақ мерзімді етуді ұсынады. Ал кейбіреулер жер пайдаланушылардың жұмысына алаңдаушылық білдірді және жалдау мерзімін алқаптан алынған кірістің қаншалықты жоғары болатындығымен байланыстыруды ұсынады.
-Жалдау мерзімі ең аз дегенде 98 жылға дейін созылуы керек,- деді Алмасбек Садырбаев. - Бұл оның ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндігін білдіреді. Мұндай тәсіл тек Израильде қолданылады, өйткені жерді жалдау тек сол елде ғана бар. Қалған өркениетті әлемде ауыл шаруашылық жерлері жеке меншіктің қолында.
Ал сарапшы жалға берілген жерді мұраға қалдыру мүмкіндігіне үзілді-кесілді қарсы болды.
-Егер жалға алынған 50-100 мың гектар жердің иесі оны мұрагерлік жолмен бере алса, бұл өте қиын да қорқынышты жағдай болмақ», - деп түсіндірді Алмасбек Садырбаев. - Бұл таусылмайтын иелік болады, мұндай тәсілден Қазақстан азаматтары көп нәрседен құр қалады. Сондықтан мұраға жалға бергеннен гөрі, жеке меншікке берген дұрыс болады, бірақ шектеулі мөлшерде болуы тиіс. Бұл өте маңызды мәселе, мен жалға беруге қарсымын, аздаған көлемде жалға берілсін, бірақ жеке меншіктің көп болғаны дұрыс. Егер жеке меншік институты енгізілсе, онда жалдау шарттары қысқартылуы мүмкін.
Тақырыпқа байланысты оқу: Әкімдіктер 2,3 млн га алқапты заң бұзушылықтармен берген
Сарапшы сонымен қатар біздің елімізге жеке меншіктің неліктен қажет екенін айтты және ірі жер иеленушілердің жерді қарапайым халықтан тартып алуынан қалай құтылуға болатындығын және басқа да болуы мүмкін жағымсыз жайларды түсіндірді.
- Әрине, жерге жеке меншік қажет, бұл әлемдік тәжірибе –деді Алмасбек Садырбаев. Қазіргі уақытта әлемде тек төрт елде жерге жеке меншік жоқ, олар: Солтүстік Корея, Конго Республикасы, Тәжікстан және Беларуссия. Қалған елдерде жеке меншік бар. Әрине, бұл біреулердің жаппай үлкен аумақты тартып алуына әкеліп соқпауынан сақтану қажет. Осыған орай шектеу шаралары болуы керек. Мен ұсынған жобада әр адамға ең көп дегенде 500 гектар жер берілуі қажет, бір адамға одан артық беруге болмайды. Сондай-ақ, жер учаскелерін заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге болмайды. Жер Қазақстан азаматтарына, жеке тұлғаларға тиесілі болуы керек. Яғни, бір ЖСН-ге ең көп дегенде 500 гектар жер беріледі. Бұл жағдай үлкен аумақтар латифундистердің қолына өтіп кетпеуден сақтанудың жалғыз әдісі. Егер бұлай қорғанбасақ ондаған, тіпті жүздеген жерді латифундистер сатып алып, әрқайсысы 500 гектардан тұратын учаскелерді тіркей алады. Сөйтіп, 50 және 100 мың гектар иелене алады.
Тақырыпқа байланысты оқу: Жер туралы заң жобасы сенатқа жіберілді
Фермерлер жалға алу үшін оларға қанша жер берілуі керек деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, бұл 5000 гектардан аспауы керек, - деді Алмасбек Садырбаев. - Мүмкін тіпті 3000 гектарда жетіп қалар. Егін егуге 3000 гектар жеткілікті. Ал мал ұстайтындарға жайылымдық үшін 5000-7000 гектарға дейін беруге болады.
Жалға берілген жерді тиімді пайдалану үшін қандай шаралар қолдану керек деп санайсыз?
-Жерді дұрыс пайдалануды бүгінде қоғам өзі қадағалап отыруы қажет, - деді Алмасбек Садырбаев. - Мұны космомониторинг, әмбебап цифрландыру арқылы жасау керек. Жер туралы барлық мәліметтер ашық болуы тиіс. Жер инспекциясына облыстық әкімдіктер ықпал етпеуі тиіс. Оны ҚР Жер комитеті тікелей бақылап отыруы қажет. Сонда олар жергілікті әкімдерге тәуелсіз болады. Бұл комитеттің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге және оның қызметін цифрландыруға, ашық, қол жетімді етуге жағдай жасайды, сонда кез-келген адам жер жайлы мәлімет алып, кімде, қанша гектар жер бар екенін біліп, оны қалай пайдаланылатындығын, қандай пайда беретіндігін тексере алады-деді сарапшы.