Мақтаарал ауданының тұрғындарына су тасқыны салдарынан өлген малдарына өтемақы төленді

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көктемде Өзбекстандағы бөгеттің жарылуы салдарынан болған су тасқыны кезінде мал шығыны толық өтелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

ӨКҚ хабарлағандай, ТЖ нәтижесінде Мақтаарал ауданында 22 отбасы 144 бас малын жоғалтты. Айта кетейік, бұған дейін 297 бас малдың өлімі туралы айтылған болатын.

Қазіргі кезде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы әрбір түйе үшін 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін, жылқы үшін - 160 мыңнан 380 мың теңгеге дейін, сиыр үшін - 110 мыңнан 220 мың теңгеге дейін, ұсақ мал үшін - 25 мыңнан 45 мың теңгеге дейін, үй құсы үшін - 2000 теңгеге дейін өтемақы төленді.

ӨКҚ ақпараты бойынша, тазарту жұмыстары кезінде зардап шеккен елді мекендерде 930-дан астам малдың өлексесі, оның ішінде 40 ірі қара мал, 876 ұсақ мал, 9 жылқы және 6 түйе табылған. Кейінірек жануарлардың мәйіттерінің көп бөлігін Өзбекстан Республикасынан сумен ағып келгені белгілі болды.

Аталған өңірде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Мақтарал аудандық аумақтық инспекциясы және ветеринарлық қызмет өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, өлген  малдарды түгендеу және мәйіттерді жою жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен елді мекендер толығымен дезинфекцияланады.

Айта кетсек, 1 мамыр күні таңертең қатты жаңбыр мен дауылды желден кейін Өзбекстанда Сардоба су қоймасы бөгеті жарылды. Нәтижесінде Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторлары су астында қалып, бірнеше елді мекенді су басып қалды. Үйлермен қоса жалпы ауданы 7639 га болатын ауыл шаруашылық жерлер зардап шекті, олардың көпшілігіне мақта егілген болатын. Аграршыларға келтірілген шығын 4 млрд 1 млн теңгеге бағаланды.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.